«Қолтырауын» есірткісі жасалатын дәрілік құралдардың дәріханаларда еркін сатылуына тыйым салынды - ҚР ІІМ

ТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Құрамында кодеин заты бар дәрілік құралдар дәріханаларда тек дәрігердің рецептісімен берілетін болды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен бірлескен баспасөз мәслихаты кезінде ҚР Ішкі істер вице-министрі Қайрат Тыныбеков мәлім етті.

«Қолтырауын» есірткісі жасалатын дәрілік құралдардың дәріханаларда еркін сатылуына тыйым салынды - ҚР ІІМ

Қ. Тыныбековтың айтуынша, Қазақстанда кодеині бар дәрілік құралдарды дәріханалардан кедергісіз сатып алып, олардан «қолтырауын» деп аталып кеткен дезоморфин есірткісін жасау фактілері жиілеп кеткен.

«Аталған дәрілік заттардан дезоморфин есірткісін дайындау және тұтыну фактілер орын ала бастады. Мұны әсіресе жастар кеңінен қолдануда. Ал дезоморфиннің адамға тигізетін зиянын емдеу мүмкін емес», - деді вице-министр.

Осы орайда ҚР ІІМ Есірткімен күрес жөніндегі комитеті және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті арасында бірлескен бұйрыққа қол қойылды.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Эрик Байжүнісовтың айтуынша, аталмыш бұйрыққа сәйкес, ағымдағы жылдың қараша айынан бастап, құрамында кодеині бар Солпадеин, Юниспаз, Пенталгин, Антиспазм атты дәрілік заттар тек қана дәрігердің рецептісімен сатылатын болады. Осыған орай, жақын күндері аталған дәрілік құралдарды жіберу тәртібінің сақталуына қатысты тексерістер жүргізілмек.

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында құрамында кодейні бар 18 атаудағы дәрілік құралдар тіркелген. Мұндай дәрілік құралдардың 7-іне бақылау орнатылса, 11-і бақылаудан тыс қалып отыр.

Бағасы арзан болған соң, кең тарауына қолайлы дезоморфин адамның тәнін ішінен де, сыртынан да ірітіп жібереді екен. Дансаулық сақтау вице-министрі бұл есірткіні ұдайы пайдаланатындардың өмірі тек 1,5-2 жылға дейін ғана созылады деп отыр.