13:24, 22 Сәуір 2014 | GMT +5
Колумбия мен Мексикада Гарсиа Маркеспен қоштасу шарасы өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Колумбия мен Мексикада өткен аптада қайтыс болған әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері жазушы Габриэль Гарсиа Маркеспен қоштасу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды Росбалт.
Мексика және Колумбия президенттері бұл шараға қатысу үшін жазушы 30 жылдай өмірін өткізген Мехико қаласына келеді деп күтілуде. Бұған қарамастан Маркес дүниеге келген Аракатака қаласының тұрғындары өздері жеке қоштасу өткізбекші, деп жазады ВВС. Оның «Жүз жылдық жалғыздық» атты атақты романындағы Макондо елдімекеніне осы қала негізге алынған дейтін болжам бар.
Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылы бұл роман Wasafiri әдеби журналының сараптамасы бойынша соңғы 25 жыл бойындағы қоғамға ең ықпалды кітап деп танылған болатын.
Габриэль Маркес өткен бейсенбіде Мехико қаласында 87 жасында дүниеден өтті. Ол әдебиеттегі «магиялық реализм» бағытының көрнекті өкілі және әлем әдебиетінің шебері саналады.