Колумбия президентін қызметінен уақытша шеттету туралы шешім дау туғызды
АСТАНА. KAZINFORM – Колумбия Конгресі Өкілдер палатасының Тергеу және айыптау комиссиясының төрайымы президентті сайлау науқанына ықтимал араласу ісі бойынша тергеу аясында уақытша қызметінен шеттету туралы өкім шығарды, деп хабарлайды Euronews.
Бұл шара елде президент сайлауының екінші туры аяқталатын 21 маусымға дейін күшінде болады. Ал Густаво Петро сайлауға қатысып жатқан жоқ, оның өкілеттік мерзімі тамыз айында аяқталады.
Қызметінен кетуге дайындалып жатқан президентке өзінің жария мәлімдемелері арқылы кандидаттардың бірін жанама түрде қолдады, даулы пікірлер айтты және дауыстарды санаудың ашықтығы мен әділдігіне күмән келтірді деген айып тағылып отыр.
Колумбияның сайлау комиссиясы мемлекет басшысы деректерді қате түсіндіргенін және ешқандай бұрмалау туралы сөз болмайтынын мәлімдеді.
Колумбияның Ішкі істер министрі Армандо Бенедетти президентті қызметінен шеттету туралы өкімді конституцияға қайшы деп атады. Оның айтуынша, мемлекет басшысын қызметінен шеттету құқығы Өкілдер палатасының жекелеген комиссиясына емес, тек Сенатқа тиесілі.
Қазір Нью-Йорк қаласында жүрген Густаво Петро (Колумбия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша төрағалық етіп отыр) тамыз айында қызметінен кететініне кепілдік беретінін айтты.
Сондай-ақ ол саяси жағдайды пайдаланып, билікте қалуға тырысады деген күдіктердің негізсіз екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін 21 маусым күні Колумбияда президент сайлауының екінші туры өтетінін хабарладық.