Колумбияда шахта опырылып, кемінде тоғыз адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Колумбияның оңтүстік-батысындағы заңсыз шахтада тау жыныстары опырылып, кемінде тоғыз адам қаза тапты, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Бұл туралы алғаш болып Нариньо департаментінің бейбітшілік және адам құқықтары мәселелері жөніндегі хатшысы Алекс Гонсалес хабарлады.
– Тау жыныстарының опырылуы салдарынан бірнеше адам үйінді астында қалғаны хабарланды. Олар шахтада жұмыс істеген. Қазіргі уақытта тоғыз адамның қаза тапқаны туралы мәлімет бар, – деді ол Caracol телеарнасының эфирінде.
Оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда аумаққа жетудің қиындығы мен қауіпсіздікке қатысты мәселелер құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіріп отыр.
Caracol телеарнасының мәліметінше, қаза тапқандар саны 12-15 адамға жетуі мүмкін.
Алтын заңсыз өндірілген шахта Санта-Барбара муниципалитетінде орналасқан.
Еске сала кетсек, бұған дейін Пәкістандағы шахтада болған апаттан қаза тапқандар саны 34 адамға жеткенін жаздық.