Колумбияда жеңіске жеткен жаңаөзендік боксшыға жерлестері құрмет көрсетті

спорт
Фото: Жаңаөзен қалалық әкімдігі

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақпан айының орта шенінде Колумбияда өткізген дебюттік жекпе-жекте жеңіске жеткен жаңаөзендік Нұрым Ділшат UBC Intercontinental champion титулын иеленді. Оңтүстік Америкадан туған жеріне оралған боксшыға жерлестері құрмет көрсетіп, қала әкімі қабылдады.

Кәсіпқой боксқа енді қадам басқан маңғыстаулық Нұрым Ділшат Колумбияда өткен бокс кешінде қарсыласын нокаутқа жіберген болатын. Бұл сын жас боксшы алыс шетелдегі алғашқы сын болып отыр. Сонымен бірге, Өзбекстан мен Әзірбайжанда жекпе-жек өткізіп, жеңісті жолын нықтай түскен.

Жаңаөзен әкімі кәсіпқой боксшымен кездесуде мұнайшылар қаласының спорт саласындағы жетістігі тағы бір жүлдемен толыққанын атап өтті. Сонымен қатар, жастар арасында бұқаралық спортты насихаттап, балаларды спортқа баулу бағытында бірігіп жұмыс істеуді ұсынып отыр.

«Әлемдік деңгейде облысымыздың және қаламыздың абыройын асқақтатқаны үшін шынайы алғысын айтамын. Ал бұдан да жоғары жетістіктерге жете беруіне тілектеспін», — деді қала әкімі кездесуде.

Соңғы екі айда жаңаөзендік кәсіпқой боксшы Ділшат Нұрым үш кездесу өткізіп, оның барлығында басым түсіп отыр. Ол алғашқы кездесуін 25 желтоқсанда Бакуде бастады. Сол сында бірінші жартылай салмақта алты раундқа есептелген кездесуінде жергілікті боксшы Агаджан Даргаховты екінші раундта техникалық нокаутпен ұтты.

Ақпан айының басында Колумбияның Санта-Марте қаласында жергілікті боксшы Овер Патерниньямен жұдырықтасып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Осылайша екі рейтингтік кездесуді сәтті аяқтаған жерлесіміз чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алды. Ақпан айының 12 күні колумбиялық былғары қолғап шебері Кевин Мартинезпен шаршы алаңда жолығып, қарсыласын нокаутпен жеңген жаңаөзендік кәсіпқой боксшы «UBC INTERCONTINENTAL CHAMPION» белдігін иеленді. Қазіргі уақытта кәсіпқой боксшы Нұрым Ділшат әлемдік рейтингте 174 орында тұр.

Соңғы жаңалықтар