Колумбиялық экстремистер 13 жылға жуық уақыт тұтқында болған кепілдерді бостандыққа шығарды
АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Колумбияның революциялық қарулы күштерінің экстремистері кеше 13 жылға жуық уақыт тұтқында болған әскери қызметшілер мен полицейлердің ішінен кепілге алынған он адамды гуманитарлық миссия өкілдеріне ерікті түрде тапсырды,
деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің Колумбиядағы өкілі Хорди Райхтың хабарлауынша, бұл Колумбия революциялық қарулы күштерінде тұтқында болған жүзге тарта құқық қорғау қызметкерлерінің бостандыққа шығарылған соңғы кепілдегі адамдары, деп мәлім етті.
«Төрт сарбаз бен алты полицейдің (олардың ұлты көрсетілмеген) босатылғаны туралы ақпарат қуатталды», деп хабарлады Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің Колумбиядағы өкілдігінің баспасөз хатшысы Мария Ривера, олар бразилиялық тікұшақпен Боготаның шығысындағы әуежайға жеткізіледі.
Гуманитарлық операция елдің орталық бөлігіндегі Мета және Гуавире департаменттерінің шекарасындағы жолы қиын учаскеде өтті, содырлар тұтқындарды межелі жерге қалдырып, өкімет орындарына олардың тұрған жерін хабарлады. Бразилияның тасымал тікұшағы босатылғандарды Вильявисенсио қаласындағы әскери базаға жеткізді, «Біз операцияның ойдағыдай өткеніне қуаныштымыз, енді бұрынғы тұтқындар бірнеше жыл бойы зарыға күтіп отырған туыстарымен қауышады», - деді Райх.
Босатылған әскери қызметшілер мен полцейлерді 1998-1999 жылдардағы үкіметтік күштермен қақтығыс барысында экстремистер қолға түсірген болатын. Колумбия революциялық қарулы күштері үкіметке оларды түрмелерде жатқан содырларға айырбастауға бірнеше рет ұсыныс жасады, алайда өкімет орындары мұндай мүмкіндікті қараудан бас тартты.
Жұртшылық тарапының қысымы нәтижесінде солшыл-радикалдық топтар соңғы жылдары өкімет орындарына әскери қызметшілер мен полицейлер арасынан тұтқындарды бірнеше рет өкімет орындарына берді, ал 2011 жылдың соңында үкіметпен бейбіт диалогқа әзір екендіктерінің белгісі ретінде соңғы он тұтқынды босату ниетін жариялады және бұдан былай саяси күрес тәсілі ретінде оларды кепілге алудан бас тартатынын мәлімдеді. Дегенмен, әртүрлі үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтеріне қарағанда, экстремистердің қолында 100-ден 400-ге дейін кепілге алынған азаматтық тұлғалар қалып отыр, экстремистік қарулы күштер өздерін қаржыландыру мақсатында оларды сатуға қолданбақ.
Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантос экстремистер диалогты бастау үшін зорлық-зомбылықтан толық бас тартуы тиіс екенін әлденеше рет мәлімдеген болатын.