Колумбияның туристік орталығында қарулы топ адамдарды кепілге алды
АСТАНА. KAZINFORM — Сейсенбі күні бетперде киген қарулы топ Колумбияның танымал туристік қаласы Картахенада инкассатор көлігін басып алмақ болды. Осы әрекеті сәтсіз аяқталған соң олар супермаркетке бекініп алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі NBC News арнасына сілтеме жасап.
Үкіметтің соңғы есебіне сәйкес, қаруланған топ қазіргі уақытта 20 адамды кепілге алған, ал он адам босатылған. Шабуылшылар екі миллион долларға жуық ақша талап етіп отыр.
Картахенаға Колумбия президенті Абелардо де ла Эсприэлья шұғыл жетіп барып, қарулы топпен өз еріктеріңмен беріліңдер деп келіссөз жүргізіп көрген. Келіссөз сәтсіз аяқталған соң президент оларға ультиматум қойды. Енді қарулы топ оларға берілген уақыт ішінде өз еріктерімен шығады, өйтпеген жағдайда президент күштік құрылымдардың араласуына бұйрық береді.
Бұл оқиға көтерілісші топтардың үкімет нысандарына шабуылдары өрши түскен тұста болып отыр. Соңғы кезде Колумбияның көп қаласында билік органдарына шабуыл жасау әрекеттері көбейген.
Картахена — Колумбияның ең тартымды туристік бағыттарының бірі. Шамамен бір миллион халқы бар қала XVIII ғасырдан бері жақсы сақталып жеткен сәулет өнерімен және қарақшылардың шабуылдарынан қорғану үшін салынған қалың тас қабырғаларымен танымал.
Еске сала кетейік, тамызда Колумбияның жаңа президенті Абелардо де ла Эсприелья АҚШ-қа ел аумағында есірткі саудасы мен есірткі терроризміне қарсы бірлескен әскери операциялар жүргізуге рұқсат берген болатын.