«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жаратылмаған қаржы ойдағыдай игерген өңірлерге берілетін болады - Б. Сағынтаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев селекторлық режімде мәжіліс өткізді, отырыс барысында ағымдағы жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны және «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

 «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жаратылмаған қаржы ойдағыдай игерген өңірлерге берілетін болады - Б. Сағынтаев

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ мәжілісте қатысушылар көктемгі-егіс жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, ағымдағы су тасқынының жағдайы мен өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаның тұрақтылығы мәселелерін талқылады. Мәжіліске орталық мемлекеттік органдар, облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдіктерінің басшылары қатысты.

"Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасын іске асыру барысы туралы өңірлік даму министрі Б. Жәмішев баяндады. Оның айтуынша, қаңтар-наурызда тұрғын үй құрылысына 110 млрд. теңге (барлық қаржыландыру көздерінен) жұмсалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 123 пайызды құрайды. 1,7 млн. текше метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ол 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 111 пайызды құрап отыр.

Әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі М. Әбілқасымов баяндады. Алдын ала деректер бойынша, ағымдағы жылғы қаңтар-наурызда ІЖӨ өсімі 2,9 пайызға жеткен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің алдында 2014 жылы экономиканың орнықты өсімін 6-7 пайыз деңгейіне жеткізу міндеті тұр.

Төтенше жағдайлар министрі В. Божконың мәлімдеуінше, елде су тасқынына қатысты жағдай тұрақты. Барлық су қоймаларында толтыру көлемі жобалық көлем шегінде. Тасқын қаупінің алдын алу үшін суды қауіпсіз жіберу жүзеге асырылуда, бұл өз кезегінде өзен арнасын шайып, экологияны жақсартуға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 21,8 млн. гектар алқапқа егу жоспарлануда, бұл 2013 жылмен салыстырғанда, 313 мың гектарға немесе 1,5 пайызға көп, деп мәлім етті Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков.

"Қолжетімді баспана" бағдарламасын іске асыруға қаражат толық көлемде бөлінді. Облыс әкімдіктері бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы тиіс. Игерілмеген қаражат, ойдағыдай игерген өңірлерге берілетін болады», - деп атап өтті кеңесте Б. Сағынтаев.