«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы ІІ тоқсанында қабылданады
АСТАНА. 2 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда Елбасының тапсырмасы бойынша «Қолжетімді баспана-2020 жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жасалуда. 2014 жылға дейін Бағдарлама аясында жалға берітені баспананың деңгейі 1 млн. шаршы метрге, ал 2020 жылға қарай тұрғын үй құрылысының ауданы 10 млн. шаршы метрге дейін жетеді деп жоспарлануда, деп хабарлады pm.kz сайты.
Естеріңізге сала кетейік, ел Үкіметі «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жобасын Мемлекет басшысының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауымен жүктелген тапсырмаға сәйкес әзірлеп жатыр.
Мемлекеттік қолдаудың аясында тұрғын үй құрылысы мен оның төлемақысының басымдықты көрсеткіштері анықталды. Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттіктің ақпараты бойынша, баспананың ауданы 35 шаршы метрден 75 шаршы метрге дейін болады, шекті құны - 80-100 мың теңге/шаршы метр, ал орташа айлық төлемі - 50 мың теңге.
Бағдарлама жобасы бойынша, баспаналар бірнеше жолмен сатылатын болады: «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі бойынша - барлық санаттағы азаматтарға, осы банк желісі арқылы - жас отбасыларға, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ желісі бойынша - жергілікті атқарушы органдарда баспанаға кезекте тұрғандарға. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы жұмыс істейтін 4 бағыт бойынша: жалпы ауданы 40 шаршы метрді құрайтын пәтер үшін орташа айлық төлем 30 мың мен 50 мың теңгенің аралығында болады деп күтілуде.
Оған қоса, 2015 жылға қарай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі бойынша тұрғын үй құрылысының ауқымын 530 мың шаршы метрге немесе жыл сайын 6,5 мыңнан астам пәтерге жеткізу жоспарлануда. Оның ішінде 3 мың пәтер немесе 200 мың шаршы метрі - жас отбасыларға арналған.
Бағдарламаның ең перспективалы бағыттарының бірі «Қазақстандық ипотекалық компания» желісі арқылы жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын дамыту болып отыр. Бұл бағыт бойынша жылына 530 мың шаршы метрге дейін баспана салу жоспарлануда.
Келесі бағыт - баспана кезегінде тұрғандарға арналған жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы. 2014 жылдан бастап жыл сайын 275 мың шаршы метр баспана немесе 4500 пәтер салу жоспарлануда, қазір бұл көрсеткіш 2-2,5 мың пәтерді құрайтынын айта кету керек.
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы 2012 жылдың ІІ тоқсанында қабылданады.