«Қолжетімді баспана-2020»: Жылжымайтын мүлік қоры пәтер сатып алуға интернет арқылы өтінім қабылдау жалғасуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының операторы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ пәтерлерді өткізудің жаңа тәсілін ұсынғаны белгілі. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Жылжымайтын мүлік қоры www.fnsk.kz сайтында Интернет арқылы онлайн-өтінім қабылдаудың бірегей жүйесін алғаш рет енгізген болатын. Жамбыл және Алматы облыстарының тұрғындары жаңа жүйені алғашқылардың бірі болып сынақтан өткізді. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ баспасөз қызметінен хабарланды.
«Заманауи интерактивті технологиялардың арқасында Жылжымайтын мүлік қоры өтінімдерді бастапқы қабылдау процесін толық автоматтандырды. Инновациялық веб-жоба өтініш берушілер кезегінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Интернет арқылы өтінім қабылдау жүйесінің арқасында уақыттың үнемделетіні, нақ уақыт орайында кезектіліктің автоматты түрде қалыптасатыны, адамның араласу факторының мейлінше азайғаны - осының бәрі қоғамда жағымды пікірлер туғызуда», - делінген баспасөз баянында.
Қазіргі уақытта Тараз қаласында және Алматы қаламаңындағы тұрғын үй бойынша өтінімдер қабылданып жатыр. Атап айтқанда, Таразда қаланың орталығында орналасқан «Маяковский көшесі, 42-үйдегі 25 пәтерлі екі тұрғын үй» кешенінен пәтер сатып алу ұсынылған. Бұл ретте бір шаршы метрдің бағасы 139 мың теңгеден болып, 2 және 3 бөлмелі 35 пәтер сатуға қойылды. Атап өтетін бір жайт, өтінімдерді қабылдаудың алғашқы күндері-ақ екі бөлмелі пәтерлерге берілген өтінімдер саны қолда бар пәтерлер санынан 3 есе асып түсті. Сонымен қатар, сатылымда үш бөлмелі пәтерлер әлі бар. www.fnsk.kz сайтында Тараз қаласында пәтер алуға өтінім қабылдау 6 қазан сағат 10:00-ге дейін жалғасады.
Ал Алматы қаласындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен сатып алу құқығымен жалға берілетін 1609 пәтерге 2400-ден астам өтінім берілген. Жалпы, өтінімдер саны кейбір пәтер түрлері бойынша пәтерлер санынан асып отыр. Дегенмен, сату арқылы өткізілетін пәтерлер әлі бар. Бір шаршы метрдің құны 180 мың теңге. Тікелей сатуға барлығы 91 пәтер қойылды. www.fnsk.kz сайтында Алматы қаламаңында пәтер алуға өтінім қабылдау 14 қазан сағат 10:00-ге дейін жалғасады.
Еске салайық, алдағы уақытта 12 қазаннан бастап 27 қазанды қоса алғанда, Ақтөбе қаласындағы «Юнис Сити» кешенінен пәтер алуға өтінімдер қабылданады. Аталған тұрғын үй кешені қала қонақтарын әуежайдан келе жатқан жолда қарсы алатын алғашқы тұрғын алабы. Эконом-кластағы 8 және 7 қабатты үйлер жаңа «Авиатор» ауданында орналасқан. Пәтерлердің тікелей сату кезіндегі бекітілген құны бір шаршы метр үшін 143 987,33 теңгені құрайды. Сатылымға таза әрленген 103 пәтер шығарылады. Пәтерлер мұқият жоспарланған және құрылыс нарығындағы осы заманғы үрдістер ескеріліп орындалған.
Пәтер алуға арналған өтінімдер «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының ішкі ережелеріне сәйкес осы қалаларда баспанасы жоқ немесе тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін, өзінің төлемге қабілеттілігін растаған адамдардан қабылданады. Тікелей сатып алу кезінде пәтерді екінші деңгейлі банктерге, соның ішінде «Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» кепілге қою арқылы қарыз қаражат есебінен алу мүмкіндігі қарастырылған. Кредиттеу туралы толығырақ ақпаратты «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» бөлімшелерінен немесе 300 телефоны арқылы алуға болады (ұялы телефоннан соғылған қоңырау тегін).