Қолжетімді баспана бағдарламасы аясында биыл 845,3 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек
«Ішкі сұраныстың өсуі, экспорт үшін сыртқы жағдайларды жақсарту, сондай-ақ инвестициялардың өсуі Қазақстан экономикасының өсуінің негізгі факторлары болады»,-деді министр. Оның сөзіне қарағанда, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға «Қолжетімді баспана - 2020» және «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламаларын іске асыру ықпал етті. «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасын іске асыру шеңберінде республикалық бюджеттен 2013 жылы 118, 4 млрд. теңге бөлініп, 703,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік берді. Осы бағдарламаны іске асыру үшін 2014 жылы республикалық бюджетте 159 млрд. теңге сомасында қаражат көзделді, оның 20, 8 млрд. теңгесін 2014 жылға нақтылау кезінде бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы несиелеуге, кезекте тұрғандар мен жас отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ арқылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жұмсалады. Нәтижесінде, жалпы алаңы 845,3 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде. Халықты жұмыспен тұрақты әрі нәтижелі қамтуды ұйымдастыру, сондай-ақ жұмыссыздықты қысқарту үшін 2013 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 102,0 млрд. теңге бөлінді. Бағдарламаға қатысқандар саны 106,2 мың адамды құрады, 113,2 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Бағдарламаны іске асыруға 2014 жылы 98,3 млрд.теңге көзделді, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларға - 41,8 млрд. теңге, микрокредиттеуге және кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға - 21,0 млрд.теңге және басқа бағыттарға көзделді. Бағдарлама 95 мың адамға дейін камтиды деп күтілуде.