Қолжетімді баспана бағдарламасын сәтті жүзеге асырып жатқан өңірлер аталды
«Бағдарламаның жүзеге асырылуы турасында аймақтар бойынша көрсеткішті келтірсек: қатысушылардың санының көбі жағынан көш басында Астана қаласы тұр. Содан кейінгі орында - Алматы қаласы. Маңғыстау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары да алдыңғы қатардағы өңірлердің қатарынан көрінді», - деді Қайрат Алтынбеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Қайрат Алтынбековтың айтуынша, алғашында бастапқы қолданыстағы пәтерлердің жетіспеушілігі кесе көлденең шыққан. Әсіресе, бұл мәселе өңірлерде айқын байқалған.
«Аталған проблеманы біржақты ету үшін Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасына өзгерістер енгізген болатын. Оған сәйкес, «Баспана» компаниясы «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана тұрғызу үшін жергілікті атқарушы органдарға 150 млрд теңгеге дейін бөлуге дайын екенін мәлім еткен болатын», - деп атап өтті ол.
Бұл бастаманы бірінші болып Шымкент қаласының әкімдігі іліп әкетіпті. Өткен аптада ғана 10 млрд теңгенің облигациясы шығарылып, «Баспана» компаниясы оны сатып алған. Осылайша, Шымкент қаласында жақын арада «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы үй бой көтермек.
Еске сала кетсек, осы баспасөз мәслихаты барысында Қайрат Алтынбеков Сбербанктің қосылуымен «7-20-25» бағдарламасына қатысушы банктердің саны сегізге жеткенін мәлім еткен еді.