«Қолжетімді баспанаға қол жетер күн жақын» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 маусым, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, кеше кешқұрым Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Қытай Халық Республикасының астанасы - Бейжің қаласына келді. Мұнда Елбасы Қытай мемлекетінің және үкіметінің басшылығымен екіжақты кездесулер өткізетін болады. Сондай-ақ бұдан бұрын мәлім болғанындай, үстіміздегі жылдың 6-7 маусымы күндері Бейжің қаласында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің (МБК) 12-ші отырысын өткізу жоспарланған. Бұл Ұйымға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мүше болып табылады. Үндістан, Иран, Моңғолия, Пәкістанға Ұйым жанындағы байқаушы мәртебесі берілген. Ал Беларусь пен Шри-Ланка - ШЫҰ-ның үнқатысу бойынша әріптестері. Ұйымға мүшелікке өтудің осылайша көп сатылы сипатқа көшірілуі, әрине, ШЫҰ беделінің жылдан-жылға артып келе жатқандығын білдірсе керек. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының осы жолғы басқосуында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлейді деп күтілуде. Елбасының аспан асты еліне сапары «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Елбасы Пекинге келді» атты мақалада жазылған.
Осы басылымның жазуынша, кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Баспана десе бәріміз елең ете қаламыз. Себебі, елімізде күрделенген әлеуметтік мәселенің бірі осы баспана жайы екені жасырын емес. Біреулер баспананың бағасына базына айтса, енді бірі сапасына сын тағады. Ең жаманы, қазір үйі барлардан гөрі үйсіздер көп. «Өз үйім өлең төсегім» дейтін қазекем әйтеуір тұрғын үй турасындағы түйткілді проблемалардың түйінін тарқата алмай-ақ жүр. Осыны ескерген Елбасы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауында бұл мәселені қолға алуды баса айтып, Үкіметке «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын дайындауды тапсырған болатын. Енді, міне, Ұлт көшбасшысының жіті қадағалауында тұрған тапсырма орындалып, Үкімет «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын қабылдап отыр. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, бұрын «арман болған» баспана енді «қолжетімді» болмақ. Мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қолжетімді баспанаға қол жетер күн жақын» тақырыбымен басылды.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Метадон өмір сыйлай ма, әлде...» атты мақала басылды. Басылымның жазуынша, Біріккен Ұлттар ұйымының нашақорлықпен һәм нашақорлық бизнесімен күрес бағдарламасына сәйкес, есірткіге тәуелді науқастарды метадонмен емдеу әдісі 2014 жылы ресми түрде елімізге енгізілуі мүмкін. Әзірге бағдарлама тәжірибе жүзінде іске асырылып келеді. Ал дәрігерлер: «нашақорларды емдейтін «дәрі» адамға өмір сыйлаудың орнына, өлтіреді» деген пайымын алға тартып, бағдарламаға түбегейлі қарсылық білдіріп отыр.
Егер бағдарлама қабылданып, елімізге енгізілсе, онда 51600 адам метондық тәуелділікке тап болады екен. Қазірдің өзінде Теміртау, Павлодар, Өскемендегі нашақорлар метадонды пайдаланады.
Партиялардың сайлаудан кейінгі белсенділігі артты ма, төмендеді ме?
Саяси ұйымдар сайлаушылардың сенімін ақтады ма, ақтай алмады ма? Партиялар тұрақты жұмыс жасап жатыр ма, әлде тиіп-қашып жүр ме? Осы тектес сұрақтарға жауап алу мақсатында «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институтының әлеуметтік қызметі 1-3 маусым аралығында ел азаматтары арасында «Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуал және Парламент қызметі» деген тақырыпта телефон арқылы сауалнама жүргізген көрінеді. Сауалнамаға еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы қалаларында тұратын 18 және одан жоғары жастағы 1120 адам қатысты. Респонденттерді іріктеу үшін кездейсоқ таңдау тәсілі қолданылды. Мұндағы қате кету мүмкіндігі 95, сенімділік интервалында ± 5 пайызды құрады. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Ең белсенді партия қайсы?» атты мақалада жазылған.
***
«Алаш айнасы» газетінің сәрсенбілік санында «Ұлттық аза тұтудың қазақы атрибуттары қандай болуы керек?» атты мақала жарық көрді. Кеше Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірінші рет ұлттық аза тұту күні өткізілді. Бүкіл мемлекет аумағы бойынша, сондай шетелдегі елшіліктердегі Мемлекеттік ту төмен түсіріліп, телеарналар мен радиоларда ойын-сауық бағдарламалар мен жарнама беру тоқтатылды. Аза тұту күні елдің жоғары оқу орындары, басқа толып жатқан мекемелер азалы күнді қалай өткізді, жалпы қазақы ұғымда қаралы күнді қалай өткеру керек деген мәселе үлкен сауалдар туғызып отыр.
Осы басылымның жазуынша, бұрындары денсаулыққа еш зияны жоқ деп саналып келген бірреттік пайдаланылуға арналған кейбір гигиеналық заттар арасында алаңдатпай қоймайтын күмәнділері шыға бастады. Соңғы уақытта көп елдер оны саудалауға тыйым сала бастады. Біздің елде де үшкіл жаялықтың қаншалықты зиян екендігін айтып жүрген мамандар да аз емес. Бұл жайындағы пікірталасты «Ой-көкпар» айдарынан «Қауіпті гигиеналық заттарды саудадан шығару керек пе?» тақырыбында оқи аласыздар.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысу шарттары жайындағы насихаттау шаралары Оңтүстік Қазақстан облысында бастау алған көрінеді. Шымкентте аталған мәселеге байланысты болған кездесуге Үкімет басшысының орынбасары Қайтар Келімбетов қатысты. Атап айтқанда облыстық әкімдікте ақпараттық түсіндіру шараларымен айналысатын жұмыс тобы құрылған екен. Осы мақсаттарға облыстық бюджеттен 23 млн. теңге бөлінген. Бұл жайында «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Об ІРО из первых уст» атты ақпараттан оқисыздар.