«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша 2013 жылы жас отбасылар үшін 3,5 мыңға жуық пәтер салынады

АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында жас отбасыларға арнап тұрғын үй салуға жергілікті атқарушы органдармен келісімдер жасасты, деп хабарлады ҚТҚЖБ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов Primeminister.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша 2013 жылы жас отбасылар үшін 3,5 мыңға жуық пәтер салынады

«Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдармен жас отбасыларға арналған 3,5 мың пәтер болатын 62 тұрғын үйдің құрылысына келісімдер жасалған», - деді М.Шәріпов.

Сонымен қатар, ол бүгінгі таңда қаржыландырылған нысандардың әлі жоқ екенін атап өтті. «Меніңше, әлі ерте. Жыл соңына қарай сәйкес нәтижелер болады және жас отбасылар жалға кіреді», - деп есептейді ол.

Оған қоса, ол әр өңірдегі жағдай әр түрлі екенін түсіндірді. «Кейбіреулері үйді тапсыруға дайындалып жатыр, ал біреулері құжаттарды рәсімдеп, жас отбасылар арасында конкурс өткізуде», - деп толықтырды ол.

Ұпайларды есептеу және кезекті қалыптастыруды әкімдіктер жүзеге асыратыны белгілі, ал банктің міндеті төлем қабілеттілігін растау және тұрғын үй құрылыс жинақ туралы келісім-шарт жасау.

Жалпы алғанда, жыл соңына дейін Алматы облысында 120 пәтерден тұратын 2 үй, Солтүстік Қазақстан облысында 216 пәтерден тұратын 1 үй, Қостанай облысында 352 пәтер болатын 7 үй, Атырау облысында 234 пәтер, Қарағанды облысында 154 пәтердің т.б. құрылысы жоспарланған.