«Қолжетімді тұрғын үй - 2020» жаңа бағдарламасының бірінші бағытына 2014 жылдан бастап жыл сайын 35 млрд. теңгеден қаржы бөлу қарастырылып отыр - Үкімет отырысы

Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агентігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.
Атап айтқанда, бағдарламаның бірінші бағытында жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй салып, оны «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы сатады. Бұл тетік 2011 жылдан бері іске асырылуда. Онда жергілікті атқарушы орган республикалық бюджеттің несиелері арқылы тұрғын үй құрылысын ұйымдастырады. Бұдан кейін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» ел ішінен салымшылар тізімін қалыптастырып, әкімдік салған үйлерді алуға ниет білдірген салымшыларды несиелендіреді. Банк салымшылары жергілікті атқарушы органмен алып-сату туралы келісімді бекітеді. Осыдан кейін аталған банк салымшы акті бойынша пәтерді алғаннан кейін қаржыны жергілікті атқарушы органына аударылады. Ал, жергілікті атқарушы орган несиені республикалық бюджеттен жабады.
«Алғашқы жылға жасалған талдауға тоқталсақ, аталған тұрғын үй халық арасында үлкен сұранысқа ие болды. Егерде, 2011 жылдың басында «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінде» 17 мың салымшы болса, ал бүгінде тұрғын үй алуға ниет білдірген осындай салымшылар 86 мыңға жетті», - деді С. Нокин.
Оның сөзіне қарағанда, тұрғын үй құрылысының қазіргі кездегі бағдарламасында жылына 2,5 мың пәтер салуға көзделген 80,8 млрд. теңге қарастырылып отыр.
«Құрылыс деңгейін жылына 4 мың пәтерге дейін жеткізу үшін жаңа бағдарламада қаржыландыруды арттыру көзделіп отыр», - деді ведомство басшысы. Оның айтуынша, 2014 жылдан бастап 2020 жылға дейін бұл бағытты қаржыландыру жыл сайын 35 млрд. теңгені құрайтын болады.