«Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасына сұралғандардың көпшілігі қатысуға дайын - Сауалнама
АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің Pm.kz ресми сайтындағы сауалнаманың қорытындысы бойынша, респонденттердің көпшілігі (92 пайызы) тұрғын үй құрылысының тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі бойынша жүргізілетін жаңа «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасына қатысуға дайын екендігін мәлімдеген.
Атап айтқанда, сауалнамаға қатысып, сұралғандардың 33 пайызы егер мемлекет «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары жинағының сақталуына кепілдік беретін болса, 20 пайызы - тұрғын үй құрылысының сапасы жақсы болса - тұрғын үй құрылысы бағдарламасының қатысушысы болуға тілек білдірген. Ал респонденттердің 39 пайызы егер аталған бағдарлама бойынша тұрғын үйдің бағасы нарық бағасынан төмен болса ғана бағдарлама қатысушысы болады. Өз кезегінде сұралғандардың 8 пайызы тұрғын үй кредитін алуға құлықты емес.
Естеріңізге сала кетейік, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын ҚР Үкіметі үстіміздегі жылдан бастап Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында жүргізіп келеді.
Аталған бағдарлама бойынша, 9 жылда жалпы ауданы 69050 шаршы метр тұрғын үй салынады. Берілетін тұрғын үйдің ауданы 35-тен 75 шаршы метрге дейінгі, бағасы 80-нен 100 мың теңгеге дейінгі көлемде, ай сайынғы орташа төлемақы - 50 мың теңге көлемінде болады. Жаңа бағдарлама шеңберінде жоспарланған кең ауқымдағы тұрғын үй құрылысы қазақстандықтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.