«Қолжетімді» дербес деректер: Тұрғындардан 1400-ден астам шағым түсті

утечка данных
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ биыл 5 наурызда zaimer.kz («Робокеш.кз» «МҚҰ» ЖШС) микроқаржы ұйымы клиенттерінің дербес деректерінің таралып кетуін хабарлаған болатын. Нақтыласақ, деректер құпиялылығын бұзудың 2 миллионнан астам жағдайы анықталды.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі анықталған оқиғалар аясында және дербес деректерді қорғау саласындағы өз құзыреті шеңберінде жедел әрекет етті. Egov Mobile мобильді қосымшасын пайдалана отырып, азаматтарды хабардар ету және осы деректердің таралып кетуімен байланысты ықтимал тәуекелдерді азайту бойынша ұсыныстар беру жұмыстары жүргізілді.

«7 наурыздан бастап бүгінге дейін ЦДИАӨМ-нің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне азаматтардан 1400-ден астам шағым мен өтініш келіп түсті. Комитет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабына сәйкес бұзушылық фактілері бойынша мұқият тексерулер жүргізеді. Бұзушылықтар расталған кезде, әкімшілік айыппұлдарды қоса алғанда, тиісті шаралар қабылданатын болады», делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Бұдан бөлек, қылмыстық құқық бұзушылықтарды көрсететін материалдар анықталған жағдайда Ақпараттық қауіпсіздік комитеті оларды одан әрі тексеру үшін Ішкі істер министрлігіне жолдайтынын атап өткен жөн.

«Деректердің таралып кетуінен материалдық залал фактілері кездескен жағдайда, азаматтар өз құқықтарын қорғау және келтірілген залалды өтеу үшін Ішкі істер министрлігіне немесе сотқа өз бетінше жүгіне алады. Ақпараттық қауіпсіздік комитеті дербес деректері таралуы мүмкін барлық азаматтарды өздерінің құпия ақпараттарын қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауға және құзыретті органдар ұсынған ұсыныстарды орындауға шақырады», - деп хабарланды министрліктен.

Соңғы жаңалықтар