Қолжетімді медициналық көмектің сапасы артпай отыр – Ақмарал Әлназарова
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық қызмет көрсету саласындағы бірнеше проблеманы көтерді.
«Денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың бірнеше есе өсуіне қарамастан, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділіктің артуы байқалмайды. Медициналық қызметтердің сапасыздығына, оны ұйымдастырудағы кемшіліктерге, этика мен деонтологияның бұзылуына шағымдар мен өтініштер саны артып отыр. Шағымдардың көбі Алматы облысы, Жетісу және Абай облысында байқалды», - деді Ақмарал Әлназарова ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.
Одан әрі министр МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесінің қызметіне тоқталды.
Оның мәлімдеуінше, өткен жылы аталған қорға бөлінген қаржы 2,6 трлн теңгеге артқанымен, қолжетімді медициналық көмектің сапасы артпай отыр.
«Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін медициналық көмек көрсету жүйесін жаңғырту, ресурс үнемдеуге және азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қаржы қаражатын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар медициналық көмектің тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде кешенді шара қабылдау қажет», - деп атап өтті министр.