02:02, 22 Сәуір 2014 | GMT +5
Комада жатқан Шумахерді сотқа беріп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 айдан бері комада жатқан әлемнің жеті дүркін чемпионы Михаэль Шумахердің үстінен арыз түсті, деп хабарлайды РИА Новости.
Сотқа арызданған мотоцикл жүргізушісі өткен жылдың қараша айында Бормухос қаласында Шумахер жалға алған Audi A4 көлігімен келе жатып жол ережесін бұзды дейді. Соның салдарынан ол мотоциклге қақтығысып, оның жүргізушісі білегін жарақаттап, сағатын, киімін және мотоциклін бүлдіріп алыпты. Енді соның өтеуін комада жатқан автошабандоздан сұрап отыр.
Алайда сот процесі тек сақтандыру компаниясы арызбен келіспеген жағдайда ғана болады, деп хабарлайды Mirror Online.
Еске сала кетсек, Франциядағы Мерибельде 2013 жылғы 29 желтоқсанда тау беткейінде шаңғы теуіп жүрген Шумахер құлап, басынан ауыр жарақаттанған болатын. 45 жастағы шабандоз содан бері Гренобль госпитальдарының бірінде ес-түссіз жатыр.