Командалық көшуге тыйым салынады - Парламент

АСТАНА. ҚазАқпарат - Болашақта жаңа жұмысқа ауысатын министр өзімен бірге тек көмекшісі мен баспасөз хатшысын ғана алып бара алады. 7 қазанда Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда мақұлдаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасында (ілеспе заң жобасы да бар) осындай жаңа норма енгізілген.

Командалық көшуге тыйым салынады - Парламент

«Бұл заң жобасы мемлекеттік органдардың және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты болады. Атап айтқанда, құқық қорғау органына алғаш рет жұмысқа қабылданатындар Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құқық қорғау органдарымен бірлесіп дайындайтын тестісінен өтеді»,-деп түсіндірді өзгерістерді Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметке қабылданатындар үш сатылық іріктеуден өтеді. Олар жұмысты әуелі ең төменгі лауазымнан бастайды, ал одан әрі жоғарылауы үшін белгілі бір құзыреттілік, төменгі лауазымда жұмыс өтілінің болуы, сондай-ақ тұрақты түрде біліктілігін арттыруы талап етіледі. - Жалпы жаңадан ұсынылып отырған мансаптық (карьерлік) модельге көшуіміз мемлекеттік қызметтің деңгейін жаңа бір сатыға көтеретіні сөзсіз,- деді Е. Бектұрғанов. Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік органдардағы босаған лауазымдарға, соның ішінде жоғары қызметке, бірінші кезекте сол органдағы қызметкерлердің кіру мүмкіндігінің болуы, әртүрлі жолдармен жоғары лауазымға келетіндерге тосқауыл бола отырып, көптен бері сыналып жүрген, талапты, талантты азаматтардың болашағына сеніммен қарап, қызметтік өсуіне жол ашады.

Ерсұлтан Бектұрғановтың пікірінше, үш сатылы іріктеу жүйесінен тұратын меритократия қағидаттарына негізделген қызметтік жоғарылау жүйесі мемлекеттік қызметтің сапасын одан сайын арттыра түседі. Осыған орай Ерсұлтан Бектұрғанов: «Бұл өзгеріс көпті мазалайтын лауазымды басшылар ауысқан кезде аппараттарда болатын ауыс-түйісті азайтып, тұрақсыздыққа жол бермейді деп санаймыз»,-деген ойын айтты. Сондай-ақ, заң жобасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органының құзыреті айқындалған. «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына азаматтарды іріктеудің жаңа жүйесі енгізілген. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің ротациясы мен аттестациясының тәртібі, шетелдік азаматтарды мемлекеттік органдарға жұмысқа алуға қойылатын талаптар да нақты көрсетілген.

Басқару жүйесіндегі азаматтардың тәжірибесін тиімді пайдалану үшін «А» корпусы сияқты, «Б» корпусының да басшылық лауазымдары арасында ротация жүргізіледі. Атап айтарлығы, білікті мамандарды жұмысқа қабылдауға тікелей әсер ететін еңбекақы төлеу мәселесі де жаңадан шешімін тапқан. Мысалы, жалақы деңгейі қызметкердің атқаратын жұмысының сипатына, көлеміне және нәтижесіне байланысты төленеді. Сондай-ақ, материалдық көмекпен қатар бұрын-соңды мемлекеттік қызметте болмаған бонустық төлем беру әдісі енгізіледі. Айта кетерлігі, «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымын иеленуге үміткерлер жалпы және ішкі конкурстық іріктеуден өтеді. Заңға сәйкес, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкерді конкурссыз ауыстыру рәсімі тек министрдің көмекшісі мен баспасөз хатшысына ғана сақталады.