Командамен «көшуге» рұқсат етілетін мемлекеттік қызмет түрлері болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Командамен «көшуге» рұқсат етілетін мемлекеттік қызмет түрлері болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов мәлім етті.

Командамен «көшуге» рұқсат етілетін мемлекеттік қызмет түрлері болады

«Бір мемлекеттік қызметтен екінші мемлекеттік қызметке көшу азайтылады. Толығымен алынып тасталады деуге де болады. Дегенмен саяси мемлекеттік қызметтегі бірінші тұлғаларға қызмет ететін лауазымдар ғана көше алады. Олар: кеңесшілер, көмекшілер, баспасөз хатшылары. Өзге мемлекеттік қызметтегі ішкі ауысулар мемлекеттік қызметкерлер арасындағы ашық байқау арқылы өткізіледі. Жалпы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жасақтаған барлық тетіктерді Жаңғырту бойынша ұлттық комиссия мақұлдады», - деп атап өтті ол.

С.Ахметжановтың мәлімдеуінше, жаңа жүйе әлемдегі мемлекеттік қызмет құрылымы ең озық 30 елдің тәртібіне жақын келеді. Мұндай қадам қазіргі жаһандану дәуірінде заманауи талаптардың деңгейінен табылады. Сонымен бірге шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлықты да төмендетіп, мемлекетке шынайы, адал қызмет ету үлгісін қалыптастыру көзделуде. Бұрынғыдай бастық деген сөз де қолданыстан алынады да, тек қана Президент әкімшілігі мен құқық қорғау органдарында ғана сақталып қалады.