Көмекке мұқтаж астаналықтар тегін көмір және улы газ датчигімен қамтылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында қайырымдылық шарасы аясында әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға тегін көмір жеткізіліп, үйлеріне улы газдан сақтайтын датчиктер орнатылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Еркін Отарғалымұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жеке секторда улы газ датчиктерін орнату жұмысы кең ауқымда жүрді. Осы уақытқа дейін барлығы 66 датчик орнатылды. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тексеру барысында жылыту, электр желілері мен жабдықтарын, аула аумағын пайдалану кезінде 26 487 қағида бұзушылық анықталып, оны жою ұсынылды. Сондай-ақ, елордада әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар тұратын 1 429 жеке тұрғын үй есепке алынды», - деді Еркін Отарғалымұлы елорда әкімдігінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, ТЖД-нің өкілі елордада аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілгенін айтты.
«Халықтың әлеуметтік осал топтарына жергілікті атқарушы органдар және «Dauletten» қайырымдылық қорының қатысуымен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне 1 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Жиналған қайырымдылық қаражатқа 10 отбасында пешпен жылыту қалпына келтірілді және мұқтаж жандарға 2,5 тонна көмір жеткізілді. Одан бөлек, 88 улы газ датчиктері сатып алынды. Және жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедектердің пештеріне жөндеу жүргізу арқылы түтін арналарын тазалау жұмысы жүргізілді», - дейді ол.