Көмір мұнай мен газ саласына салмақты бәсеке бола алады - В. Школьник
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көмір мұнай мен газ саласына салмақты бәсеке бола алады. Бүгін «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесінің отырысында Энергетика министрі Владимир Школьник осылай мәлім етті. Еске салайық, кеңесте «Нұр Отан» партиясы Сайлауалды тұғырнамасының «Инновациялық экономика» бағыты бойынша мәселелер талқыланған еді.
Министрдің айтуына қарағанда, көмір саласын инновациялық дамытудағы басым бағыттардың бірі - терең өңдеу.
«Бүгінгі күні осы сегмент еліміздегі электр энергиясын өндірудің 74 пайызын құрап отыр. Көмір - химиялық өнеркәсіптегі 100 пайыздық жүктемені атқарып, халықтың коммуналдық-тұрмыстық отынға сұранысын да толығымен қанағаттандырады. Республикамыздағы өндірілетін көмірдің 30 пайызы экспортқа шығарылады», - деді В. Школьник.
Министрдің айтуынша, еліміздегі геологиялық көмір қоры 300 млрд. тонна, ал барланған көмір қоры 304 млрд. тоннаны құрайды.
«Бұл - керемет әлеует. Мұнайшыларға айтқым келеді, көмір мұнай мен газ секторына айтарлықтай салмақты бәсеке бола алады. Бүгінгі таңда көмірді химиялық өңдеу саласында жаңа технологиялар пайдаланыла бастады. Қазірдің өзінде тонна-тонна көмірлерден 600-700 литр болатындай синтетикалық мұнай өндіретін зауыттар шығып жатыр. Ал бұл үдеріске салынған инвестицияның қайтарымы 2-4 жылдың шамасында. Мен сіздерге айтайын, тек Торғай бассейінінде 600 млрд. тонна көмір жатқан болса, оны келешекте тереңірек өңдеуге қол жеткізсек, яғни синтетикалық мұнай алсақ, оны бірнеше Қашағанмен салыстыруға болатын еді», - деді В. Школьник.
Оның айтуынша, бұл мәселемен Энергетика министрлігі түбегейлі айналысып жатыр. «Бұл - біздің еліміз үшін мұнай мен газ саласы секілді перспективалы сала», - деді ол.