Көмір тапшылығын жою: Қарағанды облысында бірыңғай кесте құрылады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында жылыту маусымында дүрлікпе болмауы үшін халықты көмірмен қамту мәселесі алдын ала ойластырылуда, деп хабарланды өңір басшысының ресми сайтында.
Облыстық әкімдікте көмір шығарушы кәсіпорындар, «Қазақстан темір жолы» өкілдері және көмір сатушылардың қатысуымен кездесу өтті. Қол жеткізілген шешімдер туралы аппараттық жиналыс барысында облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров мәлім етті.
"Жалпы облыс бойынша 2018 жылы көмір өндіру көлемі 38 млн тоннаға дейін барады деп жоспарлануда. Тұрғындарға арналған коммуналдық-тұрмыстық көмірді түсіруді ағымдағы жылы 1 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Облыста барлығы коммуналдық-тұрмыстық көмірді түсіретін алты негізгі жеткізуші бар. Ең көп сұранысқа ие Шұбаркөл көмірі халық үшін биылғы жылы 13,4% дейін ұлғайтылады", - деді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстың қалалары мен аудандарына көмір жеткізудің бірыңғай кестесі құрылып жатыр.
"Біздің негізгі міндетіміз аудан әкімдерімен бірігіп, маусым айынан бастап жылыту маусымына қажетті көмірді уақтылы жеткізудің жүйелі жұмысын бастау болып табылады", - деп атап өтті Алмас Айдаров.
Фото: topwar.ru