Комиссия отырысында қапшықта дайындалған ет өнімдерін әзірлеумен айналысатын кешенді салу мәселесі қаралды

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының арнайы қапшықта дайындалған ет өнімдерін әзірлеумен айналысатын қайта өңдеу өнеркәсіп кешендерін құру бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға үміткерлерді іріктеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті,

 Комиссия отырысында қапшықта дайындалған ет өнімдерін әзірлеумен айналысатын кешенді салу мәселесі қаралды
деп хабарлайды ҚазАқпарат акционерлік қоғамның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Баспасөз мәліметтері бойынша, отырысқа Парламент депутаттары мен «Нұр Отан» партиясы мен қоғамдық ұйым өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» ұлттық холдингі мен оның еншілес компаниясының қызметкерлері қатысқан. «Аграрлық несие корпорациясы» Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес, бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асырмақ. Атап айтқанда, ол мал бордақылау алаңдарын салу мен мал соятын орындар ашу, биязы жүнді өндіру мен өңдеу, астық ифрақұрылымын дамыту, етті қайта өңдейтін қазіргі заманғы кешендердің жұмысын ұйымдастыру сияқты шараларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Баспасөз қызметінің деректері бойынша, арнайы қапшықта дайындалатын ет өнімдерін әзірлеумен айналысатын қайта өңдеу кешендерін құру жөніндегі жобаны жүзеге асыруға бүгінде екі мекеме өтініш білдірген. Олар Ақмола облысының Қорғалжын ауданының Сабынды ауылындағы «Астана агроазық-түлік» және Қостанай облысы Затобол кентіндегі «Қарасу ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Қазіргі таңда аталмыш кешендерді ашу үшін шамамен 1 миллиард 540 миллион теңге көлемінде қаражат қажет. Бұл сомаға инженерлік құрылым мен құрылыс монтаждау жұмыстарын және қажетті материал мен шикізат өнімдерінің құны да кіреді. Тиісті шарт бойынша 6 пайыздық несие 8 жылға беріледі. Кешен талапқа сай салынатын болса, ол жылына 5 мың тоннаға дейін дайын өнім шығарып, жаңадан 179 жұмыс орнының ашылуына негіз болады. Сондай-ақ ол қазақстандық ет өнімдерінің сыртқы нарыққа шығуына ықпал етпек.