Комиссия шешімімен прокуратура органдарының 9 қызметкері атқаратын қызметіне сай емес деп танылды

АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясында прокуратура органдарының 77 қызметкері кезектен тыс аттестаттаудан өтті. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Комиссия шешімімен прокуратура органдарының 9 қызметкері атқаратын қызметіне сай емес деп танылды

Аталған қызметкерлердің қатарына мыналар кіреді: Бас Прокурордың 4 орынбасары, Бас прокуратураның департаменттерінің 9 бастығы; Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы, оның үш орынбасары, 16 облыс прокуроры мен оларға теңестірілген прокурорлар, облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың 42 орынбасары; Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Орталық аттестаттау комиссиясының мүшелігіне 2 үміткер.

Бұл қызметкерлердің барлығы заңнаманы білуге және логикалық ойлау қабілетіне компьютерлік тестілеуден, психологиялық орнықтылығына әңгімелесуден өтті.

Жоғары аттестаттау комиссиясы өткізген әңгімелесудің қорытындысы бойынша 55 қызметкер атқаратын қызметіне сәйкес келеді деп танылды.

13 қызметкер атқаратын қызметіне сәйкес келеді деп танылып, кадр резервіне енгізуге немесе жоғары тұрған қызметке көтермелеуге ұсынылды.

Комиссияның шешімі бойынша атқаратын қызметтеріне сәйкес келмейді деп танылған 3 қызметкердің қызмет дәрежесін төмендету, 2 қызметкерді басқа жұмысқа (лауазымға) ауыстыру және 4 қызметкер жұмыстан шығаруға ұсынылды.