Комитет отырысында азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәселелері туралы заң жобасы қаралды
АСТАНА. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Нұрбах Рүстемовтың жетекшілігімен Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кезекті отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат
Отырыста комитет мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заң жобасын қарады. Заң жобасы туралы Әділет министрінің орынбасары Марат Бекетаев түсінік берді.
Аталған заң жобасы ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің 2007 жылғы қарашаның 15-індегі хаттамалық шешімін орындау үшін және Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2009 жылға арналған жоспарына сәйкес әзірленген.
Заң жобасы азаматтардың Қазақстан Конституциясының 18-бабында кепілдік берілген құқықтарын заңмен қорғауды көздейді. Атап айтқанда, азаматтардың жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы немесе басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиясын заңсыз бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату қарастырылған. Сол секілді жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру кезінде органдарға белгіленген шектеулер аясын кеңейту ұсынылып отыр. Және де жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде алынған материалдарды сақтау, жою тәртібі мен мерзімдерін заңнамалық реттеу жолымен қорғау жөнінде қосымша шаралар қабылдауға бағытталған.
Заң жобасын қабылдау азаматтың жеке өміріне, өзінің және отбасының құпиясына қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғауда, өзінің ар-намысы мен абыройын, жазысқан хаттарын, телефон арқылы сөйлескен сөздерін, пошта, телеграф арқылы немесе басқа жолдармен алысқан хабарларын қорғауға қосымша кепіл болып табылады.
Сонымен қатар комитет мүшелері бүгінгі отырыста басқа да заң жобалары мен әр түрлі мәселелерді қарады.