Комитет төрағасы С. Әйімбетов: «Заң жобасы электр өндіруші мен тұтынушы талабынан шығатындай болып жасалуы керек»

«Мемлекет Басшысы Н.Назарбаев Парламенттің бесінші сессиясының ашылуында бізге 4 топтамадан тұратын заңшығарушылық тапсырма берген болатын. Соның бірінші тобында инвестициялық мүмкіндіктерді арттыратын салаға қатысты заңдар жасап беруіміз тапсырылған. Президент энергетиканы дамыту ел Тәуелсіздігін бекемдеу екенін атап өткен еді. Сондықтан осы заң жобасы Мәжіліс қоржынына келіп түсіп, бүгінгі дөңгелек үстелде қаралып отыр. Ол елдегі ең маңызды шаруа - электр қуаты мен инвестициялық саланы рынокта реттеу болып табылады. Заң жобасының таныстырылымы өткізіліп, жұмыс тобының отырыстарында талқыланды. Оған депутаттар тарапынан 127 толықтыру түсті. Бүгін оны жан-жақты тағы бір талқылап, өндіруші мен тұтынушы талабынан шығатындай етіп жасауымыз керек»,- деп басқосуды Комитет төрағасы Сейтсұлтан Әйімбетов беташар сөзбен ашты. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Валерий Доскалов дөңгелек үстелді жүргізіп отырды.
Заң жобасы жайында Табиғи монополияларды реттеу бойынша агенттік төрағасы Нұрлан Алдабергенов пен ҚР индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев баяндама жасады.
Аталған заң жобасының мақсаты - электр станциялардың инвестициялық қызметінің ашықтығын арттыру мен инвестициялық міндеттемелері көлемінің тарифтік табыс деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз ету және Қазақстан экономикасының электр энергиясы мен қуатына қажеттілігін қуат нарығын енгізу есебінен қамтамасыз ету болып табылады.
Заң жобасы 2010 жылғы 22 қаңтарда өткен кеңесте Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау үшін әзірленді. «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» және «Электр энергетикасы туралы» заңдар мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізуді көздейді.
Дөңгелек үстелде «KEGOC» АҚ материалдық техникамен қамтамасыз ету және жүйелік қызмет бойынша атқарушы директоры Валерий Ли, «Қазақстанның индустрияны дамыту институты» АҚ электроэнергетиканы дамыту орталығының директоры Әнуар Түкенов, «Энергопром» Қазақстандық ғылыми-зерттеу институты АҚ Президенті Геннадий Андреев, USAID-тің электроэнергетикалық рыноктар бағдарламасы бойынша кеңесшісі Беккер Майкл қосымша баяндамалар жасады.
Заң жобасын депутаттар қызу талқылап, өз ойларын ортаға салды.