Комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Бауыржан Мусин сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Дін істер және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Бауыржан Мусинге 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Бұл жайында Астана қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Бауыржан Мусин сотталды

«2018 жылдың 16 ақпанында Астана қаласы Алматы аудандық №2 аудандық соты ҚР Дін істер және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Бауыржан Мусинге «Ассар KZ» ЖШС мүддесіне орай Н.Калпаковтан 1 млн теңге және кәсіпкер Е.Құлсариевтен 400 мың теңге сомасында пара алу фактісі бойынша үкім шығарылды», - делінген таратылған ақпаратта.

Іс материалдарына сәйкес 2016 жылдың 15 желтоқсанында Б.Мусин мен «Ассар KZ» ЖШС директоры арасында жалпы сомасы 4 млн 900 мың теңгені құрайтын тауарларды мемлекеттік сату алу туралы келісімшарт жасалған. Б.Мусин іс жүзінде жеткізілмеген тауарларды қабылдау актісіне қол қою үшін Н.Колпаковтан 1 млн теңге сомасында пара алған. Сонымен қатар ол «Құлшариев Е.» жеке кәсіпкерлігінің мүддесін лоббилеу үшін Е.Құлшариевтен 400 мың теңге көлемінде пара алғаны анықталған.

«Сот үкімімен Б.Мусинге 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы түбегейлі белгіленді. Ол қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтейтін болады», - делінген сот үкімінде.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте, мемлекеттік және мемлекет үлесі 50 пайыздан асатын коммерциялық ұйымдарда қызметпен айналысу және лауазымды қызметте болу құқығынан өмір бойына айырылды.