Коммерцияландырылған ғылыми жобалардың үлесі артады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коммерцияландырылған ғылыми жобалардың үлесі артады. Бұл туралы Үкімет отырысында технологиялық серпіліс ұлттық жобасын талқылау кезінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық жоба аясында ғылымның елді дамытуға қосқан үлесін арттыру мақсатында ғылымды, өндірісті және бизнесті интеграциялау бойынша жұмыстар басталды. Қазіргі кезде кәсіпкерлік сектордың зерттеуге арналған шығыстарының үлесін шығындардың жалпы көлемінен 50 % дейін және коммерцияландырылған жобалардың үлесін 30 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобаларының аясында патенттік белсенділіктің 30 % өсуін қамтамасыз етуге тырысамыз», - деді С. Нұрбек.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Ғылым қоры» АҚ желісі бойынша барлығы 129 жоба коммерцияландырылып жатыр. 2022 жылы коммерцияландыру бойынша жаңа конкурс жарияланды. Оның үлесі 26,2 % құрады.
2021 жылы салалардың стратегиялық ғылыми-техникалық міндеттерін шешу бойынша ғылыми-техникалық бағдарламаларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 2 конкурс, сондай-ақ гранттық қаржыландыруға 5 конкурс өткізілді.
«Тұтастай алғанда, «Ғылым» блогы бойынша Ұлттық жобаны іске асыру ғалымдар мен зерттеушілер санын 34 мың адамға дейін (2021 жылы – 21,6 мың адам) ұлғайту есебінен және жобаларды жеке қоса қаржыландыру үлесін 50 % дейін (2021 жылы-20%) жеткізу арқылы ғылымның елдің дамуына қосқан үлесінің өсуін арттыруға мүмкіндік береді. «Ғылым» блогын қаржыландыру бойынша мынаны атап өткім келеді. Ұлттық жоба бойынша жалпы жоспарлы қаржыландыру 832,9 млрд теңгеге жетеді», - деді министр.
Фото: appau.org.ua