Коммуналдық қызмет бағасы өзгерді: 141 мыңнан астам алматылық өтемақы алады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 141 700 адамға коммуналдық қызмет ақысын төлеуге 25 мың теңгеден беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.

Айтуынша, 2023 жылдың шілде айынан бастап іске асырылатын «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы аясында әлеуметтік осал азаматтардың тоғыз санатын қамтитын өтемақы алгоритмі енгізілді.
Оларға ардагерлер, мүгедектер, көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер және қолдауды қажет ететін басқа санаттар жатады.
– Қазір әлеуметтік төлем мөлшері – 0,8 АЕК немесе 3 146 теңге. Төлем алушылар саны – 141,7 мың адам, көрсетілген көмектің жалпы сомасы – 5,4 млрд теңге, - деді ол.
Бауыржан Жаубасов коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігіне және тарифтердің өсуіне қарамастан, қала үшін халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау басымдық болып қалатынын атап өтті.
– Айлық есептік көрсеткіштің жыл сайынғы 6,5%-ға өсуін ескере отырып, ХӘОТ-ты қолдау үшін қолданыстағы әлеуметтік төлем тарифтердің ағымдағы өсуін толығымен жабады және қолданыстағы ережелерге сәйкес аудан әкімдіктері көрсететін болады, - деп атап өтті спикер.
2025 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша Алматыда ХӘОТ-қа жататын 339 849 азамат тұрады.
Естеріңізге сала кетейік, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап Алматыда сумен жабдықтау және су бұру қызметтері бойынша тарифтерге өзгерістер енгізіледі.
Осыған дейін Алматы мәслихатының депутаттары 2025 жылғы 1 сәуірге дейін халықтың әлеуметтік осал санаттарына коммуналдық қызметтерге тарифтердің көтерілуіне өтемақы төлеуді 0,8 АЕК мөлшерінде ұзарту туралы шешімді бірауыздан қолдаған еді.