Коммуналдық қызметтер айтарлықтай қымбаттамайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Коммуналдық қызметтер айтарлықтай қымбаттамайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті.
«Бағдарлама 2020 жылға дейінгі мерзімге есептелген. Онда 1,2-ден 1,4 пайыздық шекке дейінгі аралықта инфляция үлесі аясында халық үшін тарифтердің ақылға сыйымды, біртіндеп өсуі қарастырылған», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған инфляция дәлізі қолданыста әрі соңғы 2 жыл ішінде еш өзгеріске ұшырамаған.
«Яғни, біз осы дәліз аясында жұмыс істейтін боламыз. Осыған байланысты халық үшін коммуналдық қызметтерге арналған түбіртектерге төлем жасауда айтарлықтай өсім болайды»,- деді бірінші вице-министр.
Айта кетейік, кеше ҚР Үкіметі 2020 жылға дейінгі табиғи монополиялар салаларындағы тарифтік саясат жөніндегі бағдарламаны қабылдаған болатын.