Коммуналдық мекеме қызметкерін көлігімен қағып өткен жүргізуші қамауға алынды
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне ауруханадан дене жарақаты бар ер адам жеткізілгені туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты.
«Анықталғандай, 13 мамыр күні сағат 21:30 шамасында Мырзакенттегі орталық алаңда екі тұрғын арасында жанжал болып, соңы төбелеске ұласқан. Нәтижесінде олардың бірі өзінің «Mercedes-Benz» көлігімен екіншісін соққан. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 106-бабы 2-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» мен ҚР ҚК-нің 293-бөлігі «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қасақана шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды. Сонымен қатар, оқиға орнында болған аудандық мәслихаттың депутаты жанжалдасушыларды ажыратуға тырысқаны анықталды. Тергеу барысы Түркістан облысы ПД бастығының бақылауында», - делінген полиция бөлімі таратқан ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін осы оқиға бойынша аудан әкімдігі ақпарат берген болатын.
«Орталық алаңда доп ойнап жүрген ауыл тұрғыны көгалдандырылған аймақтағы гүл көшеттеріне зиян келтірген. Аталған азамат бірнеше рет жасалған ескертуге көңіл бөлмеген. «Мырзакент қызмет» МКК директоры әрі аудандық мәслихаттың депутаты Тимур Адамбеков және «Мырзакент қызмет» МКК қызметкері Тахир Жусупбаев оқиға орнында тұрғынға түсіндіру жұмысын жүргізген. Сол сәтте балағат сөздер айтылып, жанжал басталады. Тіпті, бір-біріне қол жұмсап та жібереді. Ашуға берілген ауыл тұрғыны рұқсат етілмеген орталық алаңға кіріп, қасақана мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерін 3 рет көлігімен қаққан. Қазіргі таңда Т. Жусупбаевқа Мырзакент орталық ауруханасының хирургия бөлімінде ота жасалып жатыр», - деп мәлім етілген еді.