Компаниялар табиғатты қорғауға 145 млрд теңге бөлді – Экология министрлігі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр Қазақстанда кәсіпорындардың эмиссияға төлемдері 96 млрд теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компаниялар табиғатты қорғауға 145 млрд теңге бөлді – Экология министрлігі

«Алдын ала деректер бойынша 2019 жылы кәсіпорындардың эмиссияға төлемдері 96 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, 2019 жылы компаниялар табиғатты қорғау іс-шараларына 145 млрд теңге жұмсады. Жиынтығында бұл 240 млрд теңгеден астам қаражатты құрайды», - деді министр Мәжілісте жаңа Экологиялық кодекс жобасын таныстыра отырып.

Оның сөзіне қарағанда, озық қолжетімді технологияларды енгізу кезеңі 10 жылға дейін мерзімді құрайтынын ескере отырып, кәсіпорындардың ОҚТ-ны ендіру үшін өндірісті жаңғыртуға жинақталған әлеуетті қаражаты 2 трлн теңгеден астам құрайтын болады.

«Бұл қаражат озық қолжетімді технологияны ендіру үшін жеткілікті болады деп есептейміз», - деді Мырзағалиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ведомство басшысы Қазақстанның ірі кәсіпорындарында озық қолжетімді технологияларды енгізу жоспарымен бөлісті.