Комсомолдың құрылған күніне орай ҚазҰУ-де кездесу өткізілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесуге жиналған 11 комсомол жетекшісін университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов қарсы алып, қайта жөндеуден өтіп, жақында ашылған университет мұражайымен таныстырды. Университеттің 75 жылдық мерекелік медалімен марапаттады, бағалы сыйлықтар тапсырды.
Университет ректорының айтуынша, бұл кездесудің басты мақсаты - қазіргі жастарды комсомолдың жақсы жақтарынан хабардар ету, патриоттық тәрбие мен еңбек сүйгіштікке шақыру. Кездесуге жиналған 11 комсомол жетекшісінің қатарында белгілі ғалым-академиктер Сағындық Сатыбалдин, Рахман Алшановтар бар. Жүздесу барысында бұрынғы жетекшілер комсомолдық өмір туралы естеліктер айтып, университеттің 75 жылдық мерекесімен құтықтады.
Академик Сағындық Сатыбалдиннің сөзіне қарағанда, кеңестік комсомол жастарды тәрбиелеудің, кеңестік идеологияны жүзеге асырудың мықты құралы болған.
«Бәріміз осы ұйымға мүше болудан, басқарудан азамат ретінде, тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік алдық. Спортпен айналыстық, барлық шараларда жүрдік. Бұл бізге тек жетістіктер алып келді. Сондықтан қазіргі жастарды да осы рухта тәрбиелеу үшін жастар ұйымдарының орны зор», деді академик.