«Конькидің отаны - Қазақстан!» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Ақпанның 6-сы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 6-сы, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға сапармен келген Норвегия Корольдігінің Крон-ханзадасы Хокон Магнуспен кездесті. Кездесу барысындағы әңгімелесуде тараптар екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық ойдағыдай дамып келе жатқандығын атап өтті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Екіжақты қатынастарды тереңдетудің мүмкіндігі мол» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, Норвегия Корольдігі 1992 жылдың басында Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныды. Содан бергі уақытта екі мемлекет арасындағы қатынас тұрақты дамып келеді. Қазақстан өзінің Норвегиядағы елшілігін ашты. Енді Норвегия Қазақстандағы елшілігін ашқалы отыр. Бұл Қазақстан мен Норвегияның тығыз ынтымақтастық жасауына қызмет етеді.
Норвегия Корольдігінің Крон-ханзадасы Хокон Магнустың елімізге сапарын «Айқын» газеті де егжей-тегжейлі жазған. Басылым мәртебелі мейманның «Қазақстанның халықаралық маңызы артып келе жатыр. Ал сіздердің ЕҚЫҰ-ға төрағалығыңыз - Қазақстанның әлемдік сахнадағы өсіп келе жатқан ықпалының нышаны, белгісі болып табылады», деген сөзін келтірген.
«Егемен Қазақстан» газетінің ҚР Президенті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан кәсіпорындары мен қауымдастығының «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовті қабылдаған. «М.Елеусізов Президентті 2009 жылы желтоқсанда Копенгагенде өткен және халықаралық климаттық форум тарихында ірі оқиғаға айналған БҰҰ Негіздемелік конвенциясы тараптарының 15-ші конференциясының жұмысына қатысқандығынан хабардар етті. Кездесу барысында сондай-ақ Қазақстандағы экологиялық жағдайға және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жұмыстарға байланысты кең көлемдегі мәселелер талқыланды», деп жазады басылым.
Ақпанның 5-інде 93 жасқа қараған шағында аса көрнекті қоғам қайраткері, үлкен жүректі азамат, халқымыздың қәдірменді қариясы Бәйкен Әшімов дүниеден озды. Осыған орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады. Сонымен қатар еліміздің беделді қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен жазушылары марқұммен «Егемен Қазақстан» басылымы арқылы бақұлдасты.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Америка Құрама Штаттарына сапары шеңберінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен кездескен. «Хиллари Клинтон Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін АҚШ-тың қолдайтынын және Қазақстанмен екі арадағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне мүдделі екендіктерін айта келіп, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Ақ үй басшысының шақыруын қабыл алғанына ризашылығын білдірді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Қ.Саудабаевтың АҚШ-қа сапары жайында «Екіжақты ынтымақтастыққа мүдделілік танытылды» атты мақаладан егжей-тегжейлі таныса аласыздар.
«Ең алғашқы коньки Еуропа мен Ресейде емес, Қазақстанда табылған. тарихшылардың айтуынша, б.з.д. ХІІ ғасырда, яғни үш мың жыл бұрын Көкшетау өңірін мекендеген тайпалар коньки тебе білген. Спорттың қадірін ерте түсінген қола дәуірінің адамдары сол кездің өзінде өркениетке қадам басқан сыңайлы», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылым жар салып отырған жағымды жаңалық қызықтырса, бүгінгі санында «Конькидің отаны - Қазақстан!» деген тақырыппен басылған мақалаға назар салыңыз.
***
«Медведев Қазақстанды үлгі етті». Осы тақырыппен берілген «Айқын» газетінің мақаласында, кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің алқа мәжілісі кеңінен жазылған. Басылымның жазуынша, еліміздің Үкіметі алда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді қолға алмақ. Жарияланым аталған ведомствоның 2009 жылғы жұмыстарына жан-жақты тоқталып, 2010 жылға жоспарлары жайында баяндаған. Сонымен қатар басылым «Таяуда бизнес саласын қолдауға жауапты барлық шенеуніктерін жинаған Ресей Президенті Дмитрий Медведев үлгі ретінде Қазақстанды атады: әлемдік бизнес жүргізудің жеңілдігі рейтингінде 180 елдің ішінде Ресей 120-шы орынға дейін кері сырғыпты, ал Қазақстан 63-ші орынға көтерілген. Мүмкін Путин Үкіметі «тәжірибеңді үйрет» деп Мәсімов командасына қолқа салар, оны көре жатармыз», деп жазады.
Ал аталған ведомствоның алқа мәжілісіне тоқталған «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, алдын ала есептеулер бойынша, ішкі өнімнің нақты өсімі 1,1 пайызды құраған. Жалпы отандық өндіріс саласындағы өсім 1,7 пайызға дейін көтерілсе, мұнай-газ өндіруді арттырудың арқасында тау-кен өндірісінің даму деңгейі тағы 6,1 пайызға артқан. Алқа мәжілісінде айтылған жайттарды егжей-тегжейлі білгіңіз келсе басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Биылғы көзір - бизнесте» деген мақалаға назар аударыңыз.
«Астана ақшамы» газеті өзінің сенбілік нөмірінде елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қала тұрғындары алдындағы есептік кездесуінде жасаған баяндамасын жария етті. Сонымен қатар басылымның осы санынан баяндамасын аяқтағаннан кейін әкімнің елорда тұрғындарының сауалдарына берген жауаптары да басылған. «Іргелі істің жетекшісі - жігер, сыншысы - халық» деген тақырыппен берілген баяндамада ел астанасының тыныс-тіршілігіне, мәдениетіне, әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалына қатысты жайттар толығымен қамтылған.
Осы басылымда ҚР Индустрия және сауда министрлігі «Халал» стандарттау техникалық комитетінің төрағасы Марат Сәрсенбаевпен арадағы сұхбат «Бүгінде халал өнімін шығаруға кәсіпкерлердің көбі ынталы» деген тақырыппен берілген. Екеуара әңгіме барысында комитет төрағасы «2014 жылы тұтынатын азық-түлік өнімдеріміздің 80 пайызы отандық өнімдер болатын болса, соның 50 пайызы халал өнім болатын шығар деп ойлаймын. Оған сұраныс та, ынта да көп» депті. Еліміздегі халал өнімдеріне қатысты мағлұматтар қызықтырса басылымда жарияланған мақалаға назар салыңыз.
***
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Виктор Киянский. Сұхбат «Қазақтан асқан бауырмал халық жоқ» деген тақырыппен жарық көрді. Екеуара әңгіме барысында сөз болған жайттарды басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар. «Қазақтан асқан жақсылық тілеуші, бауырмал халық жоқ деп айтар едім. Бұл ұлттың қайырымдылығы, қонақжайлылығы дастарханынан көрінеді », дейді Мәжіліс депутаты.
«Ақиқатында доллар 135 теңгеден де арзандайды». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жазылған мақалада қалың бұқара арасында «доллар бағасы өсіп, ол 165 теңгеге дейін көтеріледі екен» деген гу-гу әңгімеге тосқауыл қойылған. «Қазақстанда доллар қымбаттайды деп дүрлігудің қажеті жоқ», деп жазады басылым.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Қазақстан мен Норвегия саяси, экономикалық және гуманитарлық өзара қарым-қатынастарының деңгейін жетілдіруде. Біздің елімізге ресми сапармен келген Норвегия Корольдігінің Крон-ханзадасы Хокон Магнус кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздері барысында Осло халықаралық күн тәртібіне қатысты Астананың бастамаларын толығымен қолдайтындығын атап өткен.
Норвегия Корольдігінің Крон-ханзадасы Хокон Магнустың елімізге сапары жайында «Экспресс-К», «Литер» басылымдарында да кеңінен жазылған.
«Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін Астанада өткізуге сенім білдіргенін қалайды. Осы аптада қазақстандық СІМ басшысы Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы ретіндегі Америка Құрама Штаттарына сапарын аяқтап, мақсатты жолындағы ең қиын тосқауылдан өтті. АҚШ қолдауына уәде алды», деп жазады «Новое поколение» газеті.
Сонымен қатар басылым бұған дейін еліміздің бұл бастамасын Франция, Италия, Испания, Түркия, Ресей және ТМД-нің басқа да мемлекеттері, сонымен қатар Вендағы ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесі мен Римдегі Ватиканның да қолдағанын атап өткен.
Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың АҚШ-қа ресми сапары жайында «Казахстанская правда», «Экспресс-К», «Литер» басылымдарында да мақалалар бар.