Қонаев-Алматы бағытындағы пойыз: сұраныс қандай және баға өзгерді ме
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2022 жылдың қарашасында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қонаев-Алматы бағытындағы пойыз жолға шықты. Осы екі жыл ішінде қандай өзгерістер болды, жолаушылар саны артты ма, жол жүру ақысы қанша? Бұл сауалдарға Кazinform тілшілері жауап іздеп көрді.
2022 жылдың 11 қарашасында Қонаев-Алматы бағытында алғашқы 6906/6907 қалааралық пойызы жолға шықты. Сол кезде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі дизельді теміржол пойызы күн сайын Қонаевтан сағат 06.00-де, Алматы стансасынан кері қарай сағат 19.00-де жүретінін хабарлаған еді. Жол жүру уақыты — 1 сағат, 17 минут.
«Қазір пойыз 11 темір жол стансасын қамтиды, оның ішінде Қонаев, Алматы-1 және Алматы-2 стансасы бар. Күніне 3 вагон жүреді, жалпы орын саны 156. Кесте келесідей: Қонаев қаласынан тағы сағат 05:27, Алатау қаласынан 05:56, Алматы-2 — 07: 15 келеді. Кері бағытта: Алматы-2 стансасынан сағат 18:40 жөнелтіліп, Қонаев қаласына сағат 20:30 жетеді. Жол жүру ақысы ересек адамдар үшін 500 теңге, балаларға 250 теңге (50% жеңілдікті қосқанда). Бұл бағыт бойынша күніне орта есеппен 50-60 жолаушы жүреді. Жазда жолаушылардың көбеюіне байланысты вагондар саны 6-ға дейін артады», — деп жауап берді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған жолаушылар пойызына «Тұран Экспресс» ЖШС қызмет көрсетеді. Пойыз дизельдік отынмен жүреді, жылдамдығы 80 км/сағ дейін жетеді.
Бұрын бір жаққа жол жүру ақысы 450 теңге болатын.
Еске салайық, 2022 жылдың қазан айында Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы халқымен кездесуінде облыстың көлік-логистика әлеуетін арттыру — басты басымдықтың бірі екенін атап өткен болатын.
Бір айдан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып, Қонаев-Алматы бағытындағы пойыз іске қосылды.