Қонаев тұрғыны Қапшағай су қоймасына мотор майын төкті
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қапшағай су қоймасына мотор майын төккен тұрғын жауапқа тартылады.

Алматы облысының табиғатты қорғау полициясы Қапшағай су қоймасының ластану фактісін анықтады. Жағалаудағы демалыс аймағында орналасқан үйлердің бірінің тұрғыны су қоймасына мотор майын төккен.
— Табиғатты қорғау қызметкерлері экологиялық құқық бұзушылықты растайтын дәлелдер жинады. Іс материалдары одан әрі қаралып, тәртіп бұзушыға қатысты шара қолдану үшін Алматы облысы бойынша экология департаментіне жолданды, — деп хабарлады полициядан.
Ведомстводан атап өткендей, су ресурстарын ластаған азамат әкімшілік жауапқа тартылады.
— Су ресурстарын ластағаны үшін бұзушыға 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл, 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қырық тәулікке қамаққа алу түрінде жаза төніп тұр, — делінген хабарламада.
Осыған дейін Қапшағай жағажайларынан күніне 100 тоннаға жуық қоқыс шығарылатыны туралы жаздық.
Айта кетейік, биыл Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толды.