Қонаевта 866 бала қызылшаға қарсы екпе алды

Қазіргі таңда Қонаевта балаларды қосымша иммундау жүріп жатыр. Бұл ретте 6 айдан 11 айға дейінгі, 2-5 жас аралығындағы балалар иммундауға жатады. Одан бөлек, қызылшаға жоспарлы егу (1-6 жас аралығы) жүргізілуде. Бұл туралы Қонаев қалалық ауруханасының эпидемиолог-дәрігері Ерлан Саржанов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

вакцинация
Фото: Kazinform

«Өткен аптаның жексенбісінде 1500 дана екпе әкелінді. Қазіргі уақытта Қонаевта 866 бала қызылшаға қарсы екпе алды.

Сондай-ақ медициналық қызметкерлер де қызылшаға қарсы вакцина алып жатыр. Қаладағы эпидемиялық жағдай тұрақталғанша қосымша иммундау процесін тоқтатпаймыз. Шаһарға қарасты Шеңгелді және Заречный ауылдық округтеріндегі тұрғындары да вакцина ала алады. Ол үшін медициналық қызметкерлерге жүгінулері тиіс», – деді эпидемиолог.

Аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне дене қызуы, жөтел мен әлсіздікке шағымданып, күніне 20-25 науқас келеді. Бұл туралы бөлімнің жалпы тәжірибе дәрігері Нұрғазы Шамұратов айтты.

«Қызылша жұқтырғандардың көбі 1 жасқа дейінгі балалар. Ауруы асқынғандарды бірден стационарлық емдеуге жатқызып жатырмыз. Кейбір науқастар үй жағдайында емделуде. Олардың жағдайын бақылауда ұстап отырмыз. Бұған дейін ауруханадан емделіп шыққандардың саны – 100-ден астам адам болды», – деді дәрігер.

Ол қызылшаның алғашқы 3-5 күні жоғары респираторлы вирусты инфекция түрінде жүретінін айтты. Осы кезеңнен кейін денеде бөртпелер пайда болады.

Еске салсақ, елімізде 6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. 23 қарашада Қазақстанға қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін 500 мың доза мөлшерінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина (ҚҚП) партиясы келді. Бірінші кезекте 6 айдан 11 айға дейінгі балалар иммундауға жатады. Желтоқсаннан бастап егу мәртебесіне қарамастан 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды, медицина қызметкерлерін (55 жасқа дейін), сондай-ақ профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі адамдарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау жоспарланған.