Қонаевта адамдар көбіне қандай қылмысқа барады

қылмыс
Фото: Polisia.kz

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаевта адамдар көбіне қоғамдық тәртіпті бұзу, ойын-сауық пен тамақтану орындарында алкогольді ішу секілді құқықбұзушылықтар жасайды. Бұл туралы Қонаев қаласы прокурорының орынбасары Мерғалым Смағұлов айтты.

«Сауда орындарында тыйым салынған түнгі уақытта және кәмелетке толмаған адамдардың алкогольді сатып алу фактілері де бар, бұл құқық бұзушылықтарға жағдай жасайды. Мас күйінде адам ақыл-ойы мен саналы мінез-құлық қабілетін жоғалтады. Өкінішке қарай, өткен жылы қала аумағында қасақана кісі өлтіру бойынша үш қайғылы оқиға тіркелді. Талдау көрсеткендей, барлық қылмыс түнде, жанжал кезінде және алкогольді тұтыну кезінде болған», - деді Мерғалым Смағұлов.

Аталған қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қала прокуратурасы мен жергілікті полиция қызметі бірлесіп, түнгі уақытта және кәмелетке толмағандарға алкоголь сатудың жолын кесу бойынша жүйелі профилактикалық іс-шаралар мен түсіндіру науқанын өткізіп жатыр.

«Сондай-ақ, Қонаев қаласының прокуратурасы қаланың ойын-сауық орындарында қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу, сондай-ақ, қоғамдық тамақтану мен сауда орындарында алкоголь өнімдерін өткізу тәртібін сақтау үшін кәсіпкерлік субъектілерімен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осыған байланысты, прокуратура барлық азаматты заңды сақтауға және қаламыздағы қауіпсіздік пен тәртіпті сақтауға жәрдемдесуге шақырады», - қала прокурорының орынбасары Мерғалым Смағұлов.

Соңғы жаңалықтар
telegram