Қонаевта көпқабатты үйдегі пәтерде газ қоспасы жарылып, 2 адам зардап шекті
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерде газ-ауа қоспасының жарылуы тіркелді.
Төтенше жағдай туралы хабар бүгін «112» пультіне түскен. Оқиға Қонаев қаласындағы төрт қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерде болған.
Оқиға орнына Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Жарылыс салдарынан пәтердің ішкі арақабырғалары, сондай-ақ есік пен терезе ойықтары зақымданған. Екі адам жарақат алып, Қонаев қалалық аудандық ауруханасына жеткізілді.
– Тұрғындарды жылыту үшін оқиға орнына вахталық көлік жіберіліп, зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында психолог маман тартылған. Аумақты полиция қызметкерлері қоршауға алды, - делінген хабарламада.
Оқиға орнында Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің 19 қызметкері мен 5 техникасы жұмыс істеді.
Мамандардың мәліметінше, тұрғын үй орталық газ жүйесіне қосылған. Алайда жарылыс болған пәтерде тұрмыстық газ баллоны қолданылған.
Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті екі қабаттан жоғары көппәтерлі үйлерде тұрмыстық газ баллондарын сақтауға және пайдалануға тыйым салынатынын ескертті.
Еске салайық, Қарағандыдағы шағын дәмханада газ жарылып, екі адам қаза тапқанын хабарлаған едік.