16:38, 23 Маусым 2023 | GMT +5
Қонаевта құрылыс жұмыстарын істеп жүрген африкалық заңсыз мигранттар анықталды
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Африкадан келген заңсыз мигранттар Қонаев қаласындағы құрылыстардың бірінде еңбек еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІМ-не сілтеме жасап.
«21 маусым күні Қонаев қаласында орналасқан мектептердің бірінде «Мигрант» жедел алдын алу шарасын өткізу барысында ғимаратты жөндеу бойынша заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған Нигерияның - 9, Камерун елінің 2 азаматы анықталды», - деп жазды ведомстводан.
Елде болудың заңдылығын тексеру кезінде Африка елдерінен келген аталған шетелдіктердің Қазақстан Республикасының көші-қоны саласындағы заңнамасын бұза отырып, яғни болу құқығының мерзімі өткеніне (виза ) қарамастан ел аумағында жүргені белгілі болды.
Қазіргі таңда жұмыс берушілерді анықтау және жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізілуде.