Қонаевта мас күйінде жол апатын жасаған жүргізуші бір айға қамалды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаевта көлік жүргізу құқығынан айырылған азамат рөлге мас күйде отырып, жол апатын жасады.

жол апаты
Фото: Pixabay

Алматы облысы Қонаев қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Е.-ге қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі және 611-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қаралды.

Сот анықтағандай, құқық бұзушы Е. 23 қаңтар күні шамамен сағат 8:00-де көлікті басқару құқығы жоқ бола тұра, Қонаев қаласында «Kia Rio» маркалы көлігін мас күйде жүргізіп, арақашықтықты сақтамай, алдында келе жатқан «Toyota Camry» маркалы көлігіне соғылған. Соның салдарынан инерция күшінен «Toyota Camry» көлігі «Chevrolet Onix» маркалы көлікке соқтығысқан.

Қозғалысын жалғастырған «Kia Rio» көлігі жолдың шетінде тұрған «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы көлігіне соғылған.

Жол апаты салдарынан көлік құралдары зақымдалып, материалдық шығын келтірілген. Сонымен қатар, құқық бұзушы оқиға орнынан кетіп қалған.

Сот отырысында Е. жасаған құқық бұзушылықтарын толық мойындап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларда көрсетілген мән-жайларды растады.

Сот Е.-ні ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі және 611-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 30 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда мас күйінде жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушінің 7 жылға сотталғаны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар