Қонаевта нысандардың газға қосылу үлесі 33 пайызды құрады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Облыс орталығы болғалы бері Қонаевта автоматтандырылған газ тарату станциясы мен газ тарату желілерін іске қосу қажеттілігі туындаған. 

Қонаев
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше бүгінгі күні Қонаев қаласы мен оған қарасты елдімекендерде 5 205 тұтынушы газға қосылған. Оның ішінде 4 229 пәтер, 746 жеке үй, бірнеше әкімшілік ғимараты бар. Жалпы қаладағы нысандардың газға қосылу үлесі 33 пайызды құрайды. 

«Бүгінде халықты көгілдір отынмен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Биыл Сейфуллин көшесі мен № 1, 2, 4, 18, «Ивушка» шағын аудандарына газ құбырын тарту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Ал № 19-20, «Спутник», «Арна», «Қарлығаш» шағын аудандарына газ құбырын жүргізу жергілікті бюджет есебінен жүзеге асатын болады. Ол үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Қонаев қаласы облыс орталығы болып, онда құрылыстар қарқынды жүріп, халық саны өсіп келе жатқанына байланысты қосымша автоматтандырылған газ тарату станциясы мен газ тарату желілерін іске қосу қажеттілігі туындап отыр.

«Аталған бағытта да жұмыстар жүргізіледі. Айта кетерлігі, жауапты мекемеге түскен өтініштерге байланысты қаладағы пәтерлер мен жеке тұрғын үйлер газға қосылады», - деп хабарлады әкімдікте.

Соңғы жаңалықтар