«Қонаевта оқушыны өлімші етіп сабаған» деген ақпарат шындыққа жанаспайды – әкімдік

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Қонаевта оқушы баланың қатарластарынан таяқ жеп, жан сақтау бөліміне түскені туралы мәлімет тарады. Қала әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Атыраулық оқушылар
Фото: Атырау облыстық Білім басқармасы

– Қонаевта оқушыны өлімші етіп сабаған деген ақпарат- фейк. Оқушы ауруханаға «химиялық антисептикпен ұлану» диагнозымен түскен. Қазір оның жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Ем қабылдап жатыр, – деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қонаев қалалық білім бөлімі орта мектеп-гимназиясындағы тәртіптік жағдайға қатысты комиссия құрылғанын атап өтті.

– Айта кетейік, Қонаевта бұған дейін көпірдің астында төбелес болғаны туралы дерек тіркелмеген. Өзіне-өзі қол жұмсамақ болған бала оқуда озат, ортасында сыйлы оқушы. Журналистерден және Қазақстан халқынан ресми ақпарат көздеріне ғана сенулеріңізді сұраймыз. Жалған ақпарат тарату үшін ҚР Заңнамасы аясында әкімшілік жаза қарастырылғанын естеріңізге саламыз, - деп қосты әкімдіктен.

Сондай-ақ оқушының анасы төбелес болғанын жоққа шығарып, бейнежазба түсірді.

– Осы жылдың 31 қаңтарында кәмелетке толмаған ұлым жергілікті ауруханаға түсті. Қаланың кіреберіс көпірінің астында ұлымды ешкім соққыға шыққан жоқ және ешқандай топтық төбелес болған жоқ, – делінген бейнежазбада.

Полиция басқармасы мәлім еткендей, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайларын толық және жан-жақты зерттеу үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында оқушы белгісіз жағдайда уланып қалғаны туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар