Қонаевта оңтүстік айналма көпір жолы күрделі жөндеуден өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM- Алматы облысы Қонаев қаласындағы оңтүстік айналма жол күрделі жөндеуден өтеді.

Шаһар басшысының сөзінше, қажетті тексерулерден кейін көпір жолында жүк тасымалдау мен қауіпсіздікке ықпал ететін ақаулар анықталған.
«Біз үшін ең маңыздысы – адамдардың қауіпсіздігі. Қазір жолды бір-бірімен жалғастырып тұрған жерде ойықтар пайда болған. Бұл – жол апатына әкелуі мүмкін. Көпірді толығымен жаппаймыз. Егер жауып тастасақ, көлік жүргізушілеріне ары-бері қатынау қиынға соғады. Көпір салудың барлық технологиясын сақтай отырып, жолды аз уақыт ішінде күрделі жөндеуден өткізу қажет», - деді Нұрлан Құматаев.
Әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, көпір өткен ғасырдың 1980 жылдары салынған. Мердігерлер жолды еуропалық тәсілмен жаңартпақшы.
Жол жөндеу жұмыстары 26 қаңтарда басталды. Құрылыс жұмыстары 1 айға созылады. Мамандар жолдың бір бағыты 29 қаңтар күні ашылатынын жеткізді.