Қонаевта пайдаланылмай жатқан 7 мың гектар жер бар

Қонаев
Фото: Алматы облысы әкімдігі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Қонаев қаласының Бас жоспарына сай жұмыс жүргізу үшін шаһардағы жер учаскелерінің барлығына мониторинг жүргізіліп, түгенделеді. Биыл пайдаланылмай жатқан 7000 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарда бар.

Алматы облысы әкімдігінен атап өткендей, Қонаев қаласында проблемалық бірнеше жер учаске бар.

«Мысалы, 18 шағын ауданда мәдени ойын-сауық орталығына арналған жердің нысаналы мақсаты тұрғын үй құрылысына өзгеріп кеткен. Қазір мұнда аумағы 0,10 гектардан 6 жер иесі бар. Бұған дейін осы жердегі ағаштарды кесу және құрылыс жұмыстары әкімдік тарапынан тоқтатылған болатын. Бұл мәселені жер иелеріне басқа шағын ауданнан жер беру арқылы шешу көзделіп отыр», - деп атап өтті әкімдіктен.

Сонымен қатар Индустриальная көшесі 108 В учаскесі 2021 жылы рәсімделген. Қазір мұнда кафе салынып жатыр. Алайда көршілес жер пайдаланушылардан арыз-шағым түскен. Сондықтан Алматы облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті берген талап-арыз негізінде сот процесі Қонаев қалалық сотында қаралып жатыр. Бұдан бөлек, аквапарк жанындағы пайдаға аспай жатқан жер, жол салынуы тиіс жерге басқа нысан салынып жатқан аумақ та қала әкімдігінің бақылауына алынды. 

Қонаев
Фото: Алматы облысы әкімдігі

«Қонаев қаласының Бас жоспарына сай жұмыс жүргізу үшін шаһардағы жер учаскелерінің барлығына мониторинг жүргізіліп, түгенделеді. Биыл пайдаланылмай жатқан 7000 гектар жерді мемлекет меншігіне алу жоспарланған, оның 2 мыңнан астам гектары қайтарылып алынды», - деп хабарлады әкімдіктен.

Соңғы жаңалықтар