Қонаевта стратегиялық маңызы бар алты нысан салынып жатыр
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында алты бірдей стратегиялық маңызы бар әкімшілік ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандар қаланы заманауи әкімшілік орталық ретінде танытып, шаһардың жаңа келбетін қалыптастыруға серпін бермек, деп хабарлайды жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс қайнап жатқан алаңдарға арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысы ең алдымен сапаға ерекше назар аударып, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Үкімет қаулысына сәйкес қазір Қонаев қаласында Облыстық сот, Полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ведомстволық органдарға арналған әкімшілік ғимараттар мен Департаменттер үйі салынып жатыр. Барлығы дерлік «Алматы – Өскемен» тасжолының бойында орналасқан. Сондай-ақ облыстық мұрағат пен Алматы облысы әкімі аппаратының автокөлік кешені және қалалық №6, № 7 жағажайларда курорттық-ойын-сауық нысандары бой көтеруде.
Мердігерлермен жүздескен Марат Елеусізұлы жұмысшылар мен техника санын көбейтіп, сапалы әрі өнімді жұмыс істеу керегін айтты. Келісім бойынша мердігерлер құрылысты өз қаражаты есебінен бастайды, соған сәйкес кейін аванстық төлемдер жасалады. Бүгінде аталған нысандарда жер асты жұмыстары жүргізіліп, іргетасы қалануда. Мәселен, Полиция департаменті салынатын алаңда ескі ғимараттар бұзылып, құрылыс қалдықтары шығарылып жатыр. Ғимараттың ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Нысан үш-алты қабатқа дейінгі әртүрлі биіктіктегі сегіз блоктан тұрады. Онда инженерлік-техникалық қызметкерлер еңбек етіп, гидробалғамен жабдықталған және тиеу жұмыстарына арналған экскаватор мен самосвалдар жұмыс істеп тұр.
Арнайы мемлекеттік органдарға арналған әкімшілік ғимараттың жалпы ауданы 12 168 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 5 қабаттан және жертөледен тұрады. Құрылыс алаңында 25 жұмысшы мен алты техника жұмылдырылған.
Ведомстволық бағынысты ұйымдарға арналған әкімшілік ғимарат 4 және 6 қабатты екі блоктан тұрады. Қазіргі таңда қазаншұңқыр қазу жұмыстарына 10-нан астам адам мен 7 бірлік техника тартылған.
Департаменттер үйі күрделі көпункционалды 4 блокқа бөлінген. Жоба бойынша ғимаратта қызметтік бөлмелер, мәжіліс залдары, асхана, медпункт, архив және техникалық үй-жайлар орналасады. Нысанда 6 инженерлік-техникалық қызметкер мен 13 монолитші жұмыс істеуде. Қазіргі таңда іргетасын қалау үшін дайындық қызу жүріп жатыр.
Ал облыстық Мұрағат ғимаратында гидрооқшаулау, іргетасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың ауданы – 8,4 мың м². Болашақта мұнда 300-ден астам маман жұмыс істейді. 2 000 000-нан астам құнды құжаттарды сақтауға болады. Соған сәйкес ғимаратта өртке төзімді материалдар қолданылуда.
Марат Елеусізұлы сондай-ақ Алматы облысы әкімі аппаратының автокөлік кешені мен Қапшағай су қоймасы жағасындағы халықаралық деңгейдегі курорттық-ойын-сауық нысандарының жай-күйімен де танысты. Автотұраққа 100-ге жуық көлік сияды. Аумағы шамамен үш гектар болатын бұл нысанда мемлекеттік мекемелердің көліктеріне қызмет көрсететін әкімшілік және техникалық бөлмелер болады. Ал аталған жағалауларда қонақүй, аттракциондар саябағы, аквапарк, ойын алаңы, SPA салынады. Ол үшін 24 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Облыс әкімі бұл ғимараттар тарихи маңызы зор әрі қаланың көркін кіргізетін маңызды жобалар екенін ерекше атап өтті.
«Жаңа облыс орталығында заман талабына сай, сапалы әрі көздің жауын алатын әдемі ғимараттар бой көтеруі тиіс. Үкімет қаулысымен бекітілген кешенді даму жоспарына сәйкес, сенімді мердігер ретінде сіздерді таңдадық. Егер жұмыс баяулайтын болса не талаптарға сай келмесе, мердігерді ауыстыруға тура келеді. Сондықтан жұмысқа үлкен жауапкершілікпен кірісу керек», – деді облыс әкімі.
Жоспар бойынша аталған нысандардың құрылысы келесі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.