Қонаевта жаңа көпір мерзімінен бұрын салынып бітті

көпір
Фото: Қонаев әкімдігінің баспасөз қызметі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаев қаласындағы оңтүстік көпір жолы ашылды.

Қонаев әкімдігінің мәліметінше, көпірдің күрделі жөндеу жұмыстары 26 қаңтарда басталған. Жұмыстар бір айға созылуы керек болған. Алайда, мердігер компания күшейтілген режимде жұмыс істеп, күрделі жөндеуді мерзімінен бұрын аяқтады.

көпір
Фото: Қонаев әкімдігінің баспасөз қызметі

«Жолдың біріктірілген жеріндегі ақауы бар 6 темір ауыстырылды. Жалпы ұзындығы 46,8 метрді құрайды. Алдымен жолдың бір бағыты жөнделіп, кейін екінші жағы жөнделді. Темірлердің орнына арматуралар қойылып, бетон, сосын мастика құйылды. Сондай-ақ біріккен тұста ауыр салмақтағы көліктердің ағымына шыдас беретін резеңке іспеттес материал қойылды. «TARKER» ЖШС еуропалық технология бойынша жұмыс жасады. Деформацияға ұшыраған жолды жөндеу отандық сертификаттарда бекітілген нормаға сәйкес жүргізілді», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Мердігер компания 5 жылға кепілдік берді. Егер осы уақыт аралығында қандай да бір бұзылулар мен ақаулар анықталса, серіктестік өз қаржысына жолды жөндейтін болмақ.

Соңғы жаңалықтар