Қонаевта жыл басынан бері 154 бұралқы ит ауланды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM —  Қонаев қаласы мен оған қарасты елді мекендерде қаңғыған иттерді аулау жұмысы кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. 

қаңғыбас иттер
Фото: almaty.tv

Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға гельмен қапталған арнайы ілмектер пайдаланылады.

«Жануарлар иесі жанында болмаған жағдайда ғана ауланады. Сол мезетте арнайы акт жасалады, кейіннен изоляторларға қамалады. Ол жерде жануарлар клиникалық тексерістен өтеді», - деп хабарлады Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Уақытша ұстауға арналған орындар жануарларға ыңғайлы етіп жасалған. Оларға уақытылы тамақ беріледі. 

«Адамдарға шабуыл жасаған немесе ауру жануарларға 3 күн бойы дәрі-дәрмек беріледі. Қалған иттер мен мысықтарға чип қойылып, стерилденеді, кастрацияланады. Бұл шаралардан соң жануарлар иесі табылғанға дейін 14 күн изоляторларда болады, иесі табылмаса, ауланған жеріне қайтадан жіберіледі. Жыл басынан бері қалада 154 қаңғыған ит ауланды», - деп хабарлады әкімдіктен.